Сейсенбі күні, аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аудандық аппарат кеңесі өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе – 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық барысы.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева баяндама жасап, білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берді. Оның айтуынша, Меркі ауданында 58 мемлекеттік білім беру ұйымы, 3 жекеменшік мектеп және 17 жекеменшік балабақша бар. Алдағы жаңа оқу жылында 35 мектепте 16 850 оқушы білім алады, олардың ішінде, 1 350 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ.
Бүгінде аудан бойынша білім сапасы 71 пайызға жетіп, ҰБТ-ның орташа балы 80,1-ге көтерілген. Мектептердің 100 пайызы интернетпен қамтылған, оқулықтар толық жеткізілген. Төрт мектепке заманауи STARLINK спутниктік интернеті қосылған. Сондай-ақ, 6 850 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Биылғы жазда бірқатар мектептер мен балабақшаларда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық білім нысандары бейнебақылау және дабыл жүйесімен толық жабдықталған.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі тиісті бөлімдерге жаңа оқу жылына дайындықты кешенді түрде аяқтауды тапсырды. Әсіресе, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуда санитарлық талаптарды қатаң сақтау, білім мекемелерінің маңындағы жол белгілерін ретке келтіру, мектеп базасындағы қауіпсіздік шараларын күшейту міндеттелді.
Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды белгіленген мерзімде толық аяқтау, мектеп жанындағы қосалқы электр стансаларында қауіпсіздік талаптарын сақтау, ал, жылыту маусымына дейін барлық білім ұйымдарының қазандықтарын толық дайындау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов өз сөзінде: «Жаңа оқу жылы – тек білім беру үдерісінің басталуы ғана емес, бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі мен жайлы білім алуы үшін үлкен жауапкершілік кезеңі. Әр мектеп пен балабақшаның дайындығы мінсіз болуы тиіс» – деп атап өтті.