Референдум 15 марта

Жаңа Конституция – әділетті Қазақстанның берік негізі: этномәдени бірлестіктер республикалық форумда Президент бастамаларын қолдады

0 5
2026 жылғы 17 ақпанда Астана қаласында «Жаңа Конституция – әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның негізі» тақырыбында этномәдени бірлестіктердің республикалық форумы өтіп, Ассамблея мүшелері Президент бастамаларын қолдап, елдің құқықтық және қоғамдық дамуы үшін жаңа Конституцияның маңызын талқылады. Бұл жиын елдегі қоғамдық келісімді нығайту мен саяси жаңғыру үдерісіндегі маңызды алаңға айналды.

Форум жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Парламент депутаттары, «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалиция мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Онлайн форматта өткен жиынға Жамбыл облысынан да бірқатар өкілдер қосылды. Атап айтқанда, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Мамашев, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Асқарбек Сейілхан, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен белсенділері қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының қоғамдағы рөлі, оның әділетті мемлекет қалыптастырудағы маңызы және елдің одан әрі тұрақты дамуына ықпалы кеңінен талқыланды. Қатысушылар қоғамдық келісімді, ұлтаралық татулық пен өзара құрметті нығайту Қазақстанның орнықты дамуының негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар алдағы республикалық референдум саяси жүйені жаңғыртуға және құқықтық негіздерді күшейтуге бағытталған маңызды кезең ретінде бағаланды. Сарапшылар бұл қадам елдің ұзақ мерзімді дамуына серпін беретінін айтты.

Жалпы форум қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, азаматтық белсенділікті арттыруға және Қазақстанның әділетті әрі прогрессивті даму бағытын қолдауға бағытталған маңызды пікір алмасу алаңы болды.