Жамбылда цифрландыру мен инвестиция тартуға тың серпін берілмек

0 13

Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау бағытындағы нақты жұмыстар басталып кетті. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген форматтағы актив жиыны – осының жарқын айғағы.

Басқосуға облыстық деңгейдегі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, белсенді жастар қатысты. Жиын барысында Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған басым бағыттар өңірлік деңгейде қалай жүзеге асырылатыны нақты талқыланды.

Өңір басшысы өз сөзінде цифрлық трансформация мен жасанды интел­лектке негізделген шешімдердің ел дамуындағы маңызын ерекше атап өтті. Бұл бағыт – тек заманауи технологияны енгізу ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік басқарудағы тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етудің, азаматтарға қызмет сапасын арттырудың жолы.

– Цифрландыру – экономикалық жаңғырудың тірегі. Президенттің бұл бастамасы өңірлерге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде біз «Smart Region» стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Бұл – тек технологиялық шешімдер емес, халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты қадамдар, – деді Ербол Қарашөкеев.

Қазірдің өзінде өңірдегі 600-ден астам білім беру мекемесіне FaceID жүйесі негізіндегі бейнебақылау құрылғылары орнатылып, оқушылардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект қатерлі ауруларды ерте анықтауға көмектессе, құрылыс пен жер қатынастары салаларында жүйеленген деректерге сүйене отырып тиімді шешімдер қабылдануда.

Қоғамдық қауіпсіздік те назар­дан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда облыс аумағындағы 2000-ға жуық бейнебақылау камерасы По­лиция департаментінің жедел бас­қару орта­лығына қосылған. Бұл – құқық­бұзу­шылықтардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін үлкен қадам.

Сондай-ақ, кеңесте өңірге инвес­тиция тарту мәселесі кеңінен сөз болды. Қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы құны 3,5 трлн. теңгеден асатын 62 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталған. Оның 16-сы – шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге аспақ. Тек биылдың өзінде 175,2 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба қолға алынып, 1 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «Zhambyl Invest» мекемесі құрылып, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Бұл бастама кәсіпкерлердің жобаларын оңтайлы әрі тиімді іске асыруына жол ашып отыр.

Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты үдетуді, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақтар мен субаймақтардың әлеуетін толық пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Жиында адами капиталды дамыту, көлік логистикасын жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру сынды салалық мәселелер де қамтылды.

Кеңес соңында Ербол Қарашөкеев барлық жауапты құрылымдарға Мем­лекет басшысы Жолдауынан туын­дайтын тапсырмаларды іске асыруға арналған нақты өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеуді жүктеді.

– Бізге артылған міндет – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Жолдауда көтерілген бастамалар – елдің ертеңін айқындайтын стратегиялық бағыттар. Сондықтан, әрбір сала бойынша нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет. Өзгерісті әр тұрғын сезінуі тиіс, – деп түйіндеді облыс әкімі.