Заңға бағынған – зардап шекпейді

0 34

Сәрсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселе – «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша аудан жұртшылығымен ашық форматтағы кеңейтілген кездесу болып өтті.

Қоғамдық тәртіпті қатаң сақтап, азаматтардың құқықтық мәдениетін одан әрі арттыруды мақсат еткен бұл жиынға Жамбыл облысы әкі­мінің орынбасары Сәлемов Серік Жақсылықұлы, Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жанаев Бауыржан Дәулетханұлы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы өкілі Қуанышев Еркін Тілешұлы, сондай-ақ, аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлы қатысты.
Сонымен қатар, аталған кездесуге құқық қорғау органдарының бас­шылары, білім мен тәрбие саласының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қыз­меткерлері, ардагерлер мен аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері және жастар қауымы қатысып, ашық пікір алмасуға негізделген форматтағы жиынға жоғары бағаларын берісті.

Жиын шымылдығын ашқан аудан әкімі Ербол Жиенқұлов көпшілікке берері мол кездесудің мәні мен маңызына тоқталды. Ол қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін билік пен халықтың ашық диалогы қажет екенін атап өтті. Аудан әкімінің қадап айтуынша, құқық бұзушылықпен күрес – тек тәртіп сақшыларының ғана емес, барша қоғамның ортақ міндеті.

Кездесу барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басым бағыттардың бірі – «Заң және тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, тиісті министрліктің биылғы 2025 жылды «Профилактика жылы» деп атауы да бұл саланың маңызды екеніне тоқталды.

Серік Жақсылықұлы бұл бағыт­тағы жұмыс кешенді сипат алуы керектігін айтып, ел арасында құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыз­дылығына баса мән берді. Әсіресе, жас­тар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру – ел болашағына салынатын маңызды инвестиция деп бағалаған Серік Сәлемов облыс пен біздің ауданға байланысты құқықтық саладағы нақты цифрларға негізделген ақпараттарды да ортаға салды.

Одан кейін сөз алған об­лыстық полиция департаменті бас­ты­­­ғының орынбасары, полиция под­пол­ковнигі Бауыржан Дәулетханұлы да облыс аумағындағы түрлі құқық бұзушылықтардың нақты деректерін келтіріп, олардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы баяндады. Оған сүйенсек, биылғы жылдың 4 айында облыста 36 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, оның 4694-і Меркі ауданында орын алған. Профилактикалық шаралар барысында 842 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 395 адам қылмыс жасағаны үшін қамаққа алынған. Сонымен қатар, тыйым салынған түрлі 709 зат тәркіленген. Бұл шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жа­салатын қылмыстардың деңгейі облыс бойынша 3,1 пайызға төмендесе, біздің ауданда бұл көрсеткіш 10 пайызға азайған.
Меркіден шыққан тарихи тұлғалар аз болмағанын еске алып, «Ұлылар шыққан жерден ұрылар шықпасын!» – деген Бауыржан Дәулетханұлы, әсіресе, жастар арасында құқықтық мәдениетті көтеру, ішімдік пен есірткіге қарсы күресті күшейту, интернет алаяқтықпен күрес тақырыптарын да назардан тыс қалдырмады. Ол құқық бұзушылықтың әрбір дерегінің артында адам өмірі мен оның тағдыры, жақындарының күйзелісі тұрғанын еске салып, ойлануға шақырды.

Көпшілік үшін өте маңызды жиында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыстағы өкілі Еркін Қуанышев сөз кезегін алып, азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарының қорғалуы – кез келген зайырлы да құқықтық мемлекеттің басты қағидасы екенін жеткізді. Оның айтуынша, әр азаматтың өзінің құқықтарын біліп, оны қорғау тетіктерін барынша меңгеруі – демократиялық қоғамның іргетасының берік болуына ұйытқы болмақ.

Кездесу барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева сөз алып, мектеп оқушылары ара­сындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Ол бұл маңызды жұмыста ұстаздармен қатар, ата-аналардың да жауапкершілігі жо­ғары болуы керектігін атап өтті.

Осылайша, көпке ой салған маңызды кездесудің соңында қатысушылар өз­дерін мазалап жүрген, алайда, көп­шілікке де аса керекті сұрақ-сауалдарын қойып, жұртқа қажет ой-пікірлерін жеткізді. Ашық форматтағы диалог алаңы ретінде өткен бұл кездесу аудан жұртшылығына құқықтық мәселелер бойынша мол мағлұмат беріп, қоғам мен билік арасындағы сенімді арттыра түсетіні де анық.