Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидаты бүгінде қоғам өмірінің ажырамас ұстанымына айналып отыр. Аталған бағыт аясында ел көлемінде, соның ішінде Меркі ауданында да құқықтық мәдениетті арттыруға, жастар арасында заңға құрмет пен тәртіпке бағыну қағидаларын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Осындай маңызды іс-шаралардың бірі сәрсенбі күні Тұрар Рысқұлов атындағы №20 жалпы білім беретін мектебінде өтті.

Аталған білім ордасында құқық қорғау қызметкерлерінің қатысуымен «Заң және тәртіп – ел тұрақтылығының негізі» тақырыбында мектеп ұжымы мен 8-11 сынып оқушыларымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара «Заң және тәртіп» құқықтық айлығы аясында өткізіліп, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды.
Кездесуге мектеп директоры А.Спанкулова, мектеп әкімшілігі, Меркі аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторлары Н.Сыдықбеков пен учаскелік полиция инспекторы Д.Абдықасым, Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жастармен жұмыс жөніндегі маман-психологі А.Темірбай, сондай-ақ сынып жетекшілері қатысты.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері кездесудің негізгі мақсаты – оқушылардың құқықтық білімін тереңдету, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға бағыну мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру екенін айтты. Мектеп директоры А.Спанкулова өз сөзінде қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық әрбір азаматтың заңға деген құрметінен басталатынын жеткізді. Ол құқықтық тәртіпті сақтау күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден, жол жүру ережесін сақтаудан, өзгеге құрметпен қараудан басталатынын жеткізді. Заң үстемдігі орнаған жерде әділдік салтанат құратынын, ал тәртіп бар қоғамда сенім мен бірлік нығаятынын атап өтті.

Кездесу ашық форматта өтіп, құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқушыларға Қазақстан Республикасының заңнамалары, әкімшілік жауапкершілік, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық түрлері мен олардың салдары, интернет пен әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерлер, қоғамдық тәртіпті сақтау, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу мәселелері бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты әрі тұшымды жауаптар алды. Кездесу оқушылар үшін пайдалы әрі тәрбиелік мәні зор болды. Жасөспірімдер заң алдындағы жауапкершілікті терең түсініп, құқықтық білімдерін толықтырды.
Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, заңға құрметпен қарайтын, жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.