Заманауи техникалардың көрсетілімі өтті

0 24

Ауыл шаруашылығын дамытуда заманауи технологиялар мен тех­никаларды өндіріске енгізу қазіргі уақыттың талабы.

Осы мақсатта бұған дейін Меркі ауданында бірнеше семинар өткізіліп, қызылша өсіру мен өндіруге арналған заманауи техникалар өңірдегі шаруа­ларға таныстырылған болатын.
Өткен жұма күні сол заманауи техникалар қолданысқа енгізіліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді. «МерАгро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызылша алқабында өткен көрмеде «СТ Agro» компаниясының өкілдері ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өсіру мен жинауға қажетті заманауи техникалармен таныстырды.

Іс-шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров семи­нар­дың мақсатына тоқталып, ауданның ауыл шаруашылығын дамыту жолында қолға алынып жатқан жаңа бастамалар жайында айтты. Көрмеге қойылған ауыл шаруашылығы техникалары соңғы үлгідегі заманауи техникалар екенін атап өтіп, оларды өндіріске енгізуді маңыздылығына тоқталды.

Семинарға қатысқан аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы ауыл шаруа­шылығын дамытуда Меркі жерінің мүмкіндіктері мен әлеуеті жайында айтты. Мол өнім алу мақсатында жаңа техникаларды қолданудың маңыздылығын және осы бағытта шаруаларға көрсетілетін қолдаулар туралы да айтып өтті. Аудан әкімінің айтуынша, биыл аудан аумағында 94880 гектар алқапқа дән себу жоспарланған болса, оның ішінде, қант қызылшасының аумағы да артыпты. Ал, өткен жылы ауданға 158 ауыл шаруашылығы техникасы алынған болса, биыл 178 жаңа техника алу жоспарланыпты.

Семинарда «СТ Agro» компаниясының Қазақстандағы ресми өкілі Алмас Серікұлы және «Kvеrneland» компаниясының Гер­маниядан келген менеджері Максим Боднэр қызылша өсіруге арналған тех­никалармен таныстырып, олардың ерек­шеліктерін айтты.

Семинарда көпшілік назарына ұсы­нылған Claas тракторы, тыңайтқыш се­буге арналған құрылғы, қызылша тұқымын себу мен топырақты қопсытуға және арамшөптерді дәрілеуге арналған техникалар толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді екен. Мысалы, сыйымдылығы 4 кубты құрайтын тыңайт­қыш себуге арналған құрылғы белгілі бір алқапқа мөлшерлеп салынған тыңайт­қышты дәлме-дәл жеткізеді. Құрылғының GPS навигаторға қосылуы және бүрку әдісімен себуі – алқапты толық қамтуға және барынша үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тыңайтқыштың сапасын анықтауға арналған арнайы бокстары да қарастырылған.

Сонымен қатар, Kvernland monopill құрылғысы әр дәнді белгіленген ара қашықта және тереңдікте дәлме-дәл сепсе, топырақ қопсытуға арналған Kvernеland Lynx құрылғысында оптикалық көру камерасы орнатылған. Ол, қызылша мен арамшөптердің түсін ажыратуға мүмкіндік беріп, топырақты қопсыту барысында қызылша өсіндісінен басқа шөптің бәрі тазаланып отырады. Аталған қосымша техникалардың барлығында баптаулар компютерлік монитор арқылы жасалады. Тағы бір айта кететіні бұл құрылғыларды кез келген тракторға тіркеуге болады екен. Яғни, заманауи үлгідегі трактор болуы міндетті емес.

Компания мамандарының айтуынша, аталған техникаларды сатып алған шаруаларға 1 жыл мерзімге кепілдік беріледі. Техникалар бұзылған жағдайда жөндеуге және бөлшектерді жеткізіп беруге қолдау көрсетіледі екен.

Міне, осындай заманауи техникалар қолданысқа енгізілсе, өндіріске жаңа серпін берері сөзсіз. Әрине, бұл ретте жергілікті шаруаларға мемлекеттің қолдауы қажет. Ал, ауыл шаруашылығына жауапты мамандардың айтуынша, техникаларды субсидиялау және ли­зингке беру тетіктері қарастырылыпты.