Ұстазға құрмет

0 17

Ұстаз әрбір шәкірті үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған. Алтын ұя мектептің ары – мұғалім. «Ұстаз – ұлы адам» деп жазушы М.Әуезов айтқандай, еліміздің ертеңгі болашағын сапалы білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып тәрбиелеуде ұстаз еңбегі биік.

Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы.

«Ұстаз – тәлім-тәрбие мен білімнің қайнар көзі. Кез келген қоғамның кемелдігі, өркениеттілігі ұстазға деген қатынасымен өлшенеді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұрпағы саналы, болашағы жарқын болары хақ. Себебі, әр мұғалімнің еңбегі ерен, еліміздің дамуына қосқан үлесі орасан» – деп, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсете білді. Бұл да болса Президентіміздің көрегенділігі.

Президентіміздің бастамасымен қазіргі кезде кез келген жерде ұстаздар қауымына ерекше құрмет көрсетіліп отыр. Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахымбаев пен орынбасары Қанат Шакибаев та округке қарасты ардагер ұстаздар: Г. Сарыбекова, Ғ. Бейсенбаева, Ырзакүл Райға аудан әкі­мінің Алғыс хатын, №20 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Жуанышеваға аудан әкімінің Құрмет гра­мотасын және гүл шоқтарын табыс етті.Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахымбаев «Ұстазыма құрмет ретінде әр көрінген сайын мен орнымнан тұрдым» – деп, ұстаздарына қашанда құрмет көрсетуге дайын екенін айтты.

Ел болашағына нақты қадам салып берген ұстаздарымызға мың алғыс. Оларсыз күнімізді елестету мүмкін емес. Елімізге қажетті барлық мамандықтар осы ұлы тұлғалардың алдынан өтті. Ұстаз деген ұлы есімді кішкентай кезімізден бастап құрметтеп келеміз, әрі қарай да одан жоғары болмаса, кем болмасы анық.