Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде аудандық орталық аурухананың 2023 жылдың 8 айындағы және 2024 жылғы әлеуметтік аударымдардың төленуі туралы мәселе қаралды.
Бұл жөнінде баяндама жасаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы Меркі аудандық орталық ауруханасында қызметкерлерге 2023 жылдың қараша және желтоқсан айларына әлеуметтік аударымдары төленбегенін жеткізді.
Бұндай жағдай орталық ауруханада бұған дейін де орын алған. 2023 жылдың ақпан, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек және қазан айларында міндетті әлеуметтік төлемдер кешіктіріліп төленген, яғни бұл жағдай 6 рет орын алып отыр, яғни 12 айдың 8 айының әлеуметтік аударымдары кешіктіріліп төленген.
Аудан әкімі бұндай бұзушылық жүйелі түрде қайталанып жатқанын қатаң сынға алып, заңды тұлғаға емес, мекеменің жауапты басшыларына айыппұл салу мәселесін қарау жөнінде тапсырма берді.