Ұранды елдің – ұрпағы қайсар

0 27

Тәуелсіз елімізді қорғап, Отан алдындағы борышты адал өтеу әрбір ер-азаматтың парызы. Сондықтан, жастардың бойында Отанға деген патриоттық сезімді нығайту, осы мақсатта кешенді іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор. Осыған орай, аудандық Мәдениет үйін­де жасөспірімдермен әскери-патриот­тық кеш өткізілді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық Қорғаныс бөлімінің қызметкерлері, арда­герлер, сарбаздар мен жасөспірімдер қатысты.

«Ұранды елдің − ұрпағы қайсар» атты ұлттық рух пен патриотизмді артты­руға бағытталған кеште көрме ұйым­дастырылып, әскери бұйымдар мен сар­баздардың күнделікті тұрмысына қажетті құрал-жарақтар, әскери киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Әскери кеште патриоттық рухтағы әндер шырқалды. Бірқатар ардагерлер жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Аудан­дық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Совет Қалманбетов әскери өмірдің ер-азаматтар үшін қаншалықты маңызды екенін, темірдей тәртіп пен шыдам­дылықтың шыңдалатынын айтты.

Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы міндетін адал атқарып, отба­сы­ларына аман-есен оралуын тілеп, жүрек­жарды сөздерін жеткізді.

Ал, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы жас сарбаздарға сәттілік тілеп, батыр Бауыржан Момышұлының шығармасынан жастарды қанаттандырар сөздерін тілге тиек етті.

Патриоттық шарада аудандағы әскери бөлімнің сарбаздары күнделікті тыныс-тіршіліктерін баяндап, әскерде шыңдала түскенін, Отан қорғаудың қаншалықты маңызды екенін жастарға бейнероликтер арқылы көрсетті.

Сонымен қатар, ауған соғысының ардагері Ержан Шолпанқұлов пен за­пастағы подполковник Бауыржан Жаңабердиев әскерге барудан қорықпай, керісінше батыл болуға үндеді. Әскердегі тәртіп пен ережелерді, жауынгерлік міндеттерді орындау – ер-азаматтың тұлғалық өсуіне және елге деген адал қызметіне үлес қосатындығы жайында айтты.

Әскерде қызмет ету − жастардың мі­незін шыңдап, жауапкершілік, адалдық, батылдық, ерік-жігер және өзіне деген сенімділік сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастырады. Бұл қасиеттер әскери қызметте ғана емес, күнделікті өмірде де қажет болатыны сөзсіз.