Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан

0 24

1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Меркі ауданында достық пен татулықты дәріптейтін тәрбиелік мәні зор іс-шара ұйымдастырылды. Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте өткен «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан» атты кездесу көпэтносты қоғамдағы өзара сыйластық пен бірліктің маңызын жастарға ұғындыруды көздеді.

Шараға мектептің 9-10 сынып оқушылары мен ауданымызда өмір сүріп жатқан әртүрлі этностардың өкілдері қатысты. Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – жас буынды толеранттылыққа, этносаралық түсіністікке баулып, еліміздегі ұлтаралық келісім мен ынтымақты құндылық ретінде ұлықтау.

Кездесуге Меркі ауданында жұмыс істейтін этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері арнайы шақырылды. Олардың қатарында «Хазар» әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрағасы Гюльага Жамалов, «Ахыска» түрік бірлестігінің төрағасы Яша Азизов, славян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Кулаков және облыстық қоғамдық келісім мекемесінің Меркі ауданындағы маманы Мақсат Тілеубаев болды.

Кеш барысында оқушылар ұлттық бірлікті дәріптейтін патриоттық әндер орындап, түрлі этностардың мәдени болмысын танытатын сахналық қойылымдар көрсетті. Шараға қатысқан қонақтар жастардың өнеріне жоғары баға беріп, бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі екенін ерекше атап өтті.

Қазақстан – этностардың татулығы мен өзара сыйластығына негізделген мемлекет. Меркі ауданы да – осы ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан өңір. Мұнда ондаған ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бірлесіп үлес қосып келеді.
Мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызы зор. Жастар көпэтносты қоғамда өмір сүріп жатқанын сезіне отырып, әрбір ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қараудың маңызын терең түсінеді. Бұл – ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің нығаюына ықпал ететін маңызды қадам.
Иә, бірлік пен келісім – мемлекеттің болашағын айқындайтын басты құндылықтар. Меркі ауданында өткен осындай тағылымды іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік, бейбітшілікке ұмтылыс және адамгершілік қасиеттер қалыптасып келеді.