Үміт ақынның олжасы – өлең-жырлар

0 22

Аудандық орталық кітапхананың ақпараттық-библиография бөлімінің ұйымдастыруымен, «Бір кітап – бір өңір» акциясы барысында «Ел болып оқимыз» жобасы аясында өтіп жатқан ақын, сазгер Үміт Битенованың шығармалары кеңінен насихатталу үстінде. Осыған орай, жуырда ҚР Қорғаныс министрлігінің №11971 әскери бөлімшесі сарбаздарының қатысуымен, «Үміттің аппақ әлемі» атты библиофэйс болып өтті.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеп, ой-санасына оралған өлең-жырды олжа етіп, ақ қағаз бетіне түсіріп, өмірдің таңғажайыптарын әрлеп жүрген дара болмысты шығармашылық иесінің бірі, жерлесіміз – Үміт Битенова екенін білеміз. Елімізге белгілі ақын кезінде Жамбыл облысы, Меркі ауданында дүниеге келген. Облысымыздағы Талас ауданы, Үшарал орта мектебінің түлегі. Мектепті аяқтаған соң, Шымкент педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі бөлімін бітірген. Одан кейін Талас ауданындағы Қызыләуіт, Үшарал ауылдарындағы орта мектептерде ұстаздық еткен. Келесі кезеңдерде Қаратау қаласындағы мектеп-лицейде, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияда мұғалім, педагог-психолог, оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, лицей директоры қызметтерін абыроймен атқарған.

Үміт Битенова сүйікті жары, белгілі айтыс ақыны, көрнекті мәдениет қызметкері Ербол Қамбатыров екеуі ұрпақтарын аялай өсіріп, солардан немерелер сүйіп отырған мейірбан ана, қамқор әже.

Адамның ішкі сезімін айқын ашатын, көңіл құбылыстарын бірден байқау қасиетімен ерекшеленетін Үміт Битенова «Мендегі іңкәр махаббат», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мен сүйген жар», «Көңіл күнделігі», «Ауады да тұрады аңсарым», «Қар астындағы жауқазын» «Ешкімге айтпаған сырларым» сынды көптеген кітаптардың авторы.

Сонымен қатар, Үміт Битенова тек ақын, сазгер ғана емес, бұл шығармашыл адамның әншілік өнері де бар. Үміттің Қазақ радиосының эфирінен танымал әншілердің орындауында шырқалып жататын әндері де жетерлік. Мысалға, оның «Ақ қанат көбелек аппақ қар», «Сен мені сағынбайсың ба?», «Ақша бұлт», «Жауынгер туралы баллада», «Ардақты анам», «Қыздар-ай қыздар!» әндері елімізге кеңінен тараған. Көптің көңілінен орын алған Үміт ақын 1996 жылы Таразда өткен Халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы ән байқауының лауреаты, 1989 жылы өткен облыстық ақындар айтысының Ұлбике ақын атындағы бас жүлдегері, 1997 жылы облыстық Жауынгер әндері фестивалінің бас жүлдегері, 2000 жылы облыстық мүшәйра жыр сайыстарының жеңімпазы болып есептеледі.

Ақынның өлеңдері «Қазақстан жас ақындарының антологиясы» және «Жамбыл облысы ақын-жазушыларының шығармалары» жинақтарына енгізілген.