Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – стратегиялық маңыздылық

0 10

Біріккен Ұлттар Ұйымының халық­аралық ұсыныстары бойынша ауыл шаруашылығы санағы әр 5-10 жылда өтуі маңызды. Оның жаһандағы, оның ішінде, біздің еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне тигізетін әсері мол. 2006-2007 жылдары Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңге бөлініп өткен-ді. Биылғы жылдағы санақтың ерекшелігі сол, оны бір кезеңде өткізу қолға алынды. Сондықтан, бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарау – маңызды рөл атқарады.

Осы ретте, біз аудандық статистика басқармасының басшысы Тілеулиев Есқали Тұрсынұлына арнайы жолығып, осы саланың маманы ретінде аудан жұртшылығына, оның  ішінде, газет оқырмандары үшін кең түсінік беруді сұраған едік.

– Есқали Тұрсынұлы, негізі аталмыш санақ еліміздің агросекторының құрылымы, оның ресурстары мен қазіргі ахуалы туралы нақты әрі сенімді дер-деректерді алуға мүмкіндік туғызатын бірден-бір статистикалық үрдіс екенін білеміз. Десек те, қалың жұртшылыққа түсінікті болуы үшін осы мәселе төңірегінде кеңінен ой өрбіткеніңізді қалаймын.

– Иә, бұл ауыл шаруашылығы сана­ғының маңызы өте зор. Ол арқылы қолға тиген санақ деректері бойынша тиімді мемлекеттік саясатты ұстанып, әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қолдау, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен халықаралық міндеттемелерімізді орындау біз үшін төте жол болмақ. Сол себепті, санақты жүргізу және оның мерзімдері туралы нақты шешім ел Президентінің тапсырмасы бойынша қабылданып отыр. Ал, оны өткізу мерзімі ауылшаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауылшаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалғанын да айта кетейін.

– Халық үшін қажетті һәм оларды мазалайтын негізгі сұрақ – ауыл­шаруа­шылығы санағына кімдер қаты­сады?

– Аталған санаққа, біріншіден, мал шаруашылығы, өсімдік өсіру шаруашылығы мен балық шаруашылығы саласы бойынша ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтары және заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатысады. Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және мал ұстайтын үй шаруашылықтары, ашып айтсақ, бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік мал ұстап, құс өсіретін тұлғалар және тағы басқалар.

– Есқали Тұрсынұлы, осы жауапты іс-шараның негізгі кезеңдеріне тоқталып кетсеңіз?

– Ұлттық ауыл шаруашылығы сана­ғының өтетін мезгілі сіз жоғарыда айт­қандай, белгілі. Ол онлайн және оффлайн этаптарында өтеді. Ең алдымен, 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.ks. сайтында онлайн-сауалнама жүргізілмек. Ол, сайт санақ жұмысымен танысу үшін қазіргі кездің өзінде жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Әрине, бұл әдіс халық үшін өте ыңғайлы. Ол деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Сайтқа кірген сәтте әр респондент жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі керек. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре де алады. Одан кейін респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алатынын ескертеміз. Сауалнамадан өткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады. Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы ету үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылмақ. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер мен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс екенін ескертіп өткім келеді. Қызметі мал шаруашылығы, өсімдік өсіру шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен бай­ланысы бар өндірушілер санаққа қатысуға міндетті. Егер, респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақ-сауалдары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгінсе болады. Сондай-ақ, 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат таңғы 9:00-ден кешкі 18:30-ға дейін, ал, онлайн-сауалнама басталған кезде тәулік бойы, аптасына жеті күн бойы қабылданады.

– Енді екінші кезеңге келсек, интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы 2025 жылдың 20-қыркүйегі мен 20-қазаны аралығында өтеді ғой?

– Иә, дәл солай. Арада қалдырылған қосымша 20 күн сауалнаманы өз бе­тінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қа­лыптастыру үшін қажет. Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында ауданымызда барлығы 17 000-ға жуық үй шаруашылығы және 3216 ауыл шаруашылығы өндіру­шілері мен 90 ауылшаруашылығы кәсіп­орындарын қамту жоспарланған. Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауап­кершілік көзделгенін де айтып өткім келеді. Біздің сұхбат берушілердің атрибуттары – логотипі бар бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және жеке басын растау үшін QR коды және жеке нөмірі бар бейдж-куәлік.

– Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Ұлттық ауыл шаруа­шылығы санағының басты мақсаты. Сондықтан, осы іске біркісідей атсалысу қажеттігі туындап тұрғаны белгілі

– Әлбетте, солай! Біз аудан азамат­тарын санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Себебі, бұл жай статистикалық іс-шара емес, бұл мемлекеттік маңызы бар іс болып тұр. Расы керек, бұл зерттеулердің маңызын кейбір азаматтар түсіне бермейді. Тіпті, кейбіреулердің өзіндік қорқынышы да бар сияқты. Қандай да себептермен, кей адамдар бұл мәліметтер салық органына немесе басқа да бақылаушы органға кетеді деп санайтынын естіп жүрмін. Бұл олай емес. Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткенім жөн. Деректер респонденттің бастапқы деректерін ашпай-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Бюро деректерді салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді деп растайды.

– Есқали Тұрсынұлы, халық үшін бөліскен маңызды ақпар-мәліметтеріңіз үшін сізге үлкен алғыс айтқым келеді. Санақ жұмысы сәтті өтуіне тілектеспін!