Ұлттың рухани дүниесін байытқан ақын

0 15

Құрметті жерлестер!
Бүгін қаламымен өрнек салып, жүрекпен жыр төккен ақын, ардақты ана, зиялы жан Шырын Мамасерікова апайымыздың 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Бұл – жай ғана мереке емес, бұл – бір ұлттың, бір өңірдің рухани дүниесін байытқан ақынға деген құрметтің, алғыстың белгісі.
Өмірін өлеңмен өрнектеген, халқына адал қызмет еткен қаламгердің мерейтойы – елдің рухани биіктігінің көрсеткіші. Бұл құрмет – өткенді еске алып, ертеңге үмітпен қарауға мүмкіндік беретін ерекше сәт. Ақынның әрбір жыры – елге деген махаббаттың, табиғатқа деген іңкәрліктің, өмірге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Шырын апамыздың шығармашылығы – қазақ әйеліне тән парасат пен нәзіктіктің, даналық пен сабырдың жарасымды үйлесімі.

Ақын – замана шежірешісі. Ол – өз дәуірінің үнін жеткізер елшісі. Шырын апамыз да сол бір ел мұңын мұңдап, сөзбенен емдеген қаламгерлердің қатарында. Оның «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Өмірімнің әр жолы – өмірбаян», «Әулие бабам – Сыпатай», «Асылдың сынықтары», «Фатима», «Бақыт», «Шапағат нұры», «Арман гүлі», «Атамекен», «Тәуелсіздік тартулары», «Елге деген махаббат» атты жинақтары – бір дәуірдің шынайы көрінісі, жүректен шыққан асыл туындылар.

Саналы ғұмырын өлеңге арнаған апамыздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – «Құрмет» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медальдарының, «Мейірім», «Еңбек даңқы», «Ана шапағаты», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерінің иегері.

2011 жылы Меркі ауданының «Құрметті азаматы», 2020 жылы Жамбыл облысының «Құрметті ардагері», ал, 2025 жылы «Қазақ­станның Құрметті жазушысы» атақтары берілді.

Бүгінгі мерейтой – Шырын апаның ғана емес, барша Меркі жұртының, барша әдебиет сүйер қауымның мерейі. Осындай ұлы тұлға­ларымыздың есімі – ұрпаққа өнеге, елге мақтаныш.

Шырын апа, Сізге зор денсаулық, шығармашылық шабыт, ұзақ ғұмыр тілейміз. Қаламыңыз мұқалмасын, ел руханиятына қосатын үлесіңіз зор болсын!

Аудан әкімі Ербол ЖИЕНҚҰЛОВ