Үлкенге құрмет – ізеттілік белгісі

0 12

Қарттарын қадірлеген қазақ халқы үшін күнтізбедегі 1-қазан – Қарттар күні деп белгіленген. «Қарты бар үйдің қазынасы бар!» — деген сөзді де біздің бабаларымыз айтып кеткен.

Біз ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған халықпыз. Ақындар үлкендерін жырына қосып, амандығын тілеген. Той-томалақты батасыз бастамаған, әркез қариялардан бата алуға тырысқан.

Осындай игі дәстүрді Әлия Әубәкірова бастаған Меркі ауданының іскер аналар тобы ілгері жалғастырды. Олар «Наурыз» мей­рам­ханасында Меркі ауданы ауылдық округі Аналар кеңесі төрайымдарының және ардагер аналардың басын қосып, мерекелі кеш өткізді. Іскер аналар Татықұлова Қайнаркүл апа мен Ақбөпе ананың тілегі мен батасын ала отырып кешті бастады. Алтынай ханым мен Дариға ханымдар домбыраны күмбірлетіп, баянды бебеулетіп кеш қо­нақтарына әсем ән­дерін арнады. Кешке қатысқан аналар өз аттарының бас әрпінен басталатын сыйлықтарды алып, сол жа­ғында тұрған анаға сыйға тартты. Іскер аналар да өз кезегінде кештің құрметті қонақтарына арнайы сыйлықтарын тарту етті. Бұл да болса, Іскер аналардың ауыл округі төрайымдарына, ардагер аналарына көрсеткен құрметі мен ілтипаты деп білеміз.

Ардагер аналар іскер аналарға ақ баталарын беріп, отбасыларына амандық, істеріне табыс тілеп: «Бүгінгі бізге көрсеткен құрметтеріңізді Алла еселеп қайтарып, өздеріңізден кейінгі ұрпақтар сіздерге де құрмет көрсетсін» – деген жүрекжарды тілектерін білдірді. Ал, Меркі ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова қатысушылардың көңілін көтеріп, бір-бірімен жақындастыру мақсатында шағын тренинг-жаттығулар өткізіп, отырысқа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Иә, үлкендерге қанша құрмет көр­сетсек те көптік етпес. Ал біреу бізге жақсылық жасаса, біреуге біз жақсылық жасасақ, біздің жүрегіміз қуанышқа бөленеді. Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Қазақ – қарттарын қадірлеп өскен ұлт. Демек, жан дүниенің жомарттығы мен адамдық даналықтың, азаматтықтың кемел шағына деген құрмет. Сондықтан, әрқашан жақсылық жасайық!