Тілдер мерекесі ауқымды аталып өтті

0 22

5-қыркүйек – Қазақстан Халқының тілдері күні. Осыған орай, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырлды. Сондай шаралардың бірі − «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбындағы байқау Ойтал ауылдық мәдениет үйінде өтті. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және оқушылардың танымдық қабілетін арттырып, Ана тілге деген құрметін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға №20-шы және 48-ші мектептің 8-9-сынып оқушылары қатысты.
«Бірлік» және «Тапқырлар» тобына бөлінген оқушылар 4 кезең бойынша білімдерін таразыға салды. Алғашқы кезеңде командалар өздерін таныстырса, «Сөз мәйегі – мақал» атты екінші кезеңде оқушылар Отан, тіл, достық туралы мақалдар айтудан сайысты. Ал үшінші − «Ұшқыр ой» кезеңінде оқушылар логикалық сұрақтарға жауап берді. Төртінші кезеңде командалар өз өнерлерін ортаға салды.
Байқаудың әрбір кезеңі бойынша оқушылар өдерінің жоғары дайындықтары мен тапқырлықтарын таныта білді. Олардың өнерлерін сараптаған қазылар алқасы әр кезең бойынша әр топтағы оқушылардың тіл тазалығын, сахна мәдениеті мен тақырыпты аша білуін және жауаптардың дұрыстығы мен толықтығын бағалады.
Сонымен қатар, шара барысында кітапханашылар Рита Айтжанова мен Бақыткүл Бықыбаеваның ұйымдас­тыруында кітап көрмесі таныстырылса, Ойтал ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары Гүлнұр Құрамаева мен Амантай Аманқос және әнші балапан Аруна Сабырбек тамылжыта әндер шырқап, көпшіліктің көңілін көтерді.
Шара соңында қазылар алқасының мүшелері Жанат Сүйімқұлова мен Айман Бүркітбаева мерекелік шара қонақтары мен қатысушыларын тіл мерекесімен құттықтап, балалардың өнерлеріне жоғары бағаларын берді. Сондай-ақ, қатысушыларға Алғыс хаттар табыстап, сыйлықтарын тарту етті.
Сонымен қатар, бұл күні аудандық орталық кітапханасында «Туған тілім қaзынам, алтын кенім» атты жайдарлы және оқымысты клубы өтті. Бұл шарада жастарды мемлекеттік тілді құрметтеуге, қас­терлеу және ұлтжандылыққа, адам­гершілікке тәрбиелеуге, сондай-ақ, сөздік қорларын байыту, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған бірқатар танымдық ойындар ойнатылып, Ана тілге ар­налған әндер шырқалды.
Ал, балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Тіл мәртебесін – ұлықтайық» тақырыбында мақал-мәтел сайысы өткізілді. Бұл шара Тіл мерекесіне орай, ата-бабамыздан қалған өсиет сөздері арқылы адамгершілікке, балалардың өз ойларын нақты, дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, ана тілінде сөйлеу шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Сол сияқты, Сарымолдаев ауылының кітапханасында да мерекелік шара ұйымдастырылып, №22 жалпы білім беретін мектептің оқушыларының қатысуымен «Тіл арқылы тіршілік жаңарады» атты сайыс сағаты өткізілді.