ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ — ТЕРМЕ

0 33

Терме – қазақ халқының поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыру термеге тән қасиет.

Осы орайда, терме өнерін аудан жұртшылығына насихаттап, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында, «Текті сөздің төресі – терме» атты аудандық термешілер байқауы өтті.

Байқауға түрлі салаларда қызмет етіп жүрген 15 термеші қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Байқаудың ашылуында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков терменің қазақ халқы руханиятында алар орны мен ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы маңыздылығы жайында айтып, байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

Сонымен, байқауға қатысқан термешілер екі кезеңде бақ сынады. Алғашқы кезеңде үміткерлер кез келген өңірдің терме үлгілерін орындаса, екінші кезеңде Майлықожаның бір термесін орындау міндеттелді.

Қазақ өнерінің ішінде өзіндік орны бар, тәлім-тәрбиеге толы осынау ерекше өнердің орындаушыларын зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы қазылар алқасы байқау талаптары бойынша бағалады.

Қазылар алқасының шешімі бойынша, бас жүлдені – Тескентоған ауылынан Қанат Шәкібаев, 1-орынды – Ақермен ауылынан Нұрбек Жұмаханов, 2-орынды – Сұрат ауылынан Еліс Молдабаев, ал 3-орынды Ақермен ауылынан Олжас Жұманов жеңіп алды. Сондай-ақ байқаудың қалған қатысушылары да әртүрлі номинациялар бойынша үздік деп табылды.

Байқаудың барлық қатысушысы диплом және сыйлықтармен марапатталды.