Тегінде, ауылдың ажарын айғақтайтын белгісі һәм айнасы – оның тазалығы болса керек. Ал, оны жасап, жаһанға жария жасайтын сол белгілі бір мекеннің жұртшылығы. Сондықтан болар, «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қағидатты атам қазақ әлдеқашан-ақ айтып қойғаны тағы бар.
Иә, заман ағысы арнасын жиі ауыстырады. Жылдар өте келе үйреншікті болған жағдаяттарды «жағаға» жылжытқан асау уақыт адамға, яғни, бәрімізге сіңісті болған көзқарастар «қамалын» ұлы көш талабымен, жақсылыққа біртабан жақындатып, ретін келтіре бұзатыны да ақиқат.
Расында, өзім туып-өскен Ақаралдың арғы өткенін мысал етсем, бала кезімізде қоқысты қораның артына, күлді көшеде қар суы жиналып, көлшік болған ойпаң жерге төге салу – көз үйреніп, ешкім «жазғыра» қоймайтын жазылмаған заңдылық болатын. Ауылдың қақ ортасында қараусыз мал жайылып, есек аунайтын «арнайы алаңқайлар» және еркінсіген иттер «ерігіп» жататын бұта мен қурай басқан бос жерлер де көп еді. Жоғарыда жазылғандай, уақыт өте келе бұл күнде Ақаралда алақандай емес, ине шаншыр жер жоқ. Әр көшеге асфальт төселіп, ащы ішектей шұбатылған жаяу жүргіншілер жолын көресің. Бұрынғыдай түрлі күл-қоқысты аянбай «құрбандық» жасап, қалаған жеріңе ел көзінше төге салатын шұқанақ бергі жағы, төрт адам иық тірестіріп, қатар жүретін бос аймақ та жоқтың қасы.
Сондағы айтарымыз не? Қазіргі талап өзгеше. Ауылішілік тұрмақ, жоғары жақ – тау қойнауы мен төмен жақ – Арғы құмның теріскей бетіне дейінгі жерлер түрлі мақсатта толық игеріліп жатыр. Яғни, әр шаршы метр жердің сұрауы болса, ауыл іші мен айналасын жанашырлықпен аялап ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз һәм міндетіміз болып қалыптасқаны жөн.
Осы ретте, Жылысбаев Байсейіт Сабырұлы басқаратын аудандық ардагерлер кеңесі мен Медербек Өзбеков жетекшілік ететін аудандық Билер кеңесі көпшілікке үлгі болып, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясындағы ауқымды істердің бел ортасынан көрініп жүр.
Мысалы, жуырда ғана аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев пен Меркі ауылдық округінің Биі Сәрсен Әбенов Меркі ауданы ардагерлер кеңесінің 2025 жылға арналған «Тазалық – мәдениет көрінісі» атты іс-шаралардың орындалуы бойынша Меркі ауылдық округінің Ә.Ысмайылов, Қ.Сарымолдаев және М.Мәметова көшелеріне бақылау мен тексеру жұмыстарын жүргізді.
Оның нәтижесінде, аталған көшелерде тұрмыстық күл-қоқыс қалдықтары жоқ екендігі анықталды. Алайда, тексеру кезінде көше тазалығы бойынша жүрген қоғамдық жұмысшылар өздерінің арыз-шағымдарын айтып, уәждерін жеткізген. Оған сүйенсек, жоғарыда аталған көшелер бойында орналасқан демалыс орындары, оның ішінде, балалар ойын алаңқайларына кешкі мезгілде бала-шағамен серуендеуге шығатын ата-аналардың шағылған пістенің қабығы, түрлі сусындардың бос құтылары мен босаған қағаз қорабтарын арнайы жәшікке салмай, отырған жерлеріне тастай салу фактілерін айтып, шағымданған. Сонымен қатар, сыраның бос шөлмектерін кез-келген жерге лақтырып, орындықтарды сындырып кететін ауыл жастары бойынша да өкпе-наздарын жеткізген қоғамдық жұмысшылар бұл бағытта полиция қызметі жанды жұмыстар жүргізсе деген ұсыныстарын білдірген.
Аудандық Билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ержан Шолпанқұлов Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары А.Жұманұлымен бірлесіп, округке қарасты Ә.Ысмайылов, О.Үмбетов, Б.Момышұлы мен Жеміс-жидек ауылындағы Мичурин және Манкеев көшелерінің тазалығы бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізген. Оның нәтижесіне келсек, жалпы атқарылып жатқан жұмыстар өз деңгейінде екені байқалады. Дегенмен, орталықтағы «Әмірлан» сауда орталығы мен «Қазақстан» рестораны маңын арам шөптерден тазалау жұмысы «ақсап» тұрса, О.Үмбетов көшесіндегі екі қабатты үйлердің айналасын тазалау керектігі де ауыл әкімшілігіне ескертілді.
Сонымен қатар, Ойтал және Сарымолдаев ауылдық округінде де тазалық жұмыстары бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері – Б.Мәжиев, Ө.Алтыбаев, А.Исақұл, Ойтал ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы О.Мадимаров округ әкімінің орынбасары Қ.Шәкібаев пен бас маманы Д.Рысбекпен бірлесіп жүргізген жұмыстың нәтижесінде М.Байғанаева көшесінің бойында орналасқан жеке кәсіпкер Қ.Айтымбетовке тиесілі учаскедегі арам шөптерді отау бойынша ескерту берілген. Сондай-ақ, Жуат Абдрасимов көшесінің тұрғындарымен кездесу өткізіліп, оларға тазалық бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Меркі электрлер жүйесі мекемесі тарапынан округ аумағында ағаштарды кесу мен бұтау жұмыстары жүргізілгенімен, кесілген бұтақтар бей-берекет шашылып жатқаны анықталған. Бұл мәселе бойынша Ойтал ауылдық округінің әкімі А.Рахымбеков Меркі аудандық электр жүйесі мекемесіне 2025 жылдың 8-шілдесі күні №03-09/263 санды хатымен мекеме басшысы Б.Ембаевқа арнайы хат жолдаған.
Тазалықты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әр адамның басты міндеті болғаны жөн. Ауданымыздың ажарлы болуы бәрімізге байланысты.