«Таза Қазақстан» акциясы дәстүрге айналды

0 17

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы ауданымыздың барлық аумағында жалғасын тауып, жалпыаудандық іс-шараға айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен белсенділер ғана емес түрлі мекеме қызметкерлері, ауыл ақсақалдары да атсалысуда. Ондағы басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Осы орайда жуырда Рысқұлов және Ойтал ауылдық округтерінде тазалық акциялары ұйымдастырылды. Рысқұлов округіне қарасты Интернациональный ауылының сая­бағында өткізілген сенбілікке ауыл тұрғындары мен әкімшілік қызметкерлері және ақсақалдары қатысты.
Шара барысында ауыл саябағы аумағындағы шөптер шабылып, тазалық жұмыстары жүргізілді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы Меркі ауданында да қызу қолдау тауып, күн сайын тиісті шаралар атқарылуда. Бұл ретте біз акция аясында күнделікті округ аумағында тазалық жұмыстарын ұйымдастырып келеміз. Бүгін міне, ауылымызда сенбілік жұмыстарын жасадық. Бұл акция жыл бойы жалғасын табатын болады. Соған сәйкес, біз тұрақты түрде осындай сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып, туған өлкемізді таза ұстауды үнемі бақылауда ұстаймыз және осындай игі бастамаларды жалғастыруға жастарды үндейтін боламыз – дейді Рысқұлов ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдіразақ.
Бұл күні тазалық акциясы Ойтал ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдың орталық саябағындағы тазалық жұмыстарына әкімшілік қызметкерлері, жастар, қоғамдық қызметкерлері қатысты. Саябақ аумағындағы шөптер мен қоқыстар тазартылып, қураған бұталар тазаланды.

– Бүгін Ойтал ауылында орналасқан саябақ аумағына сенбілік жасалды. Бұл шараға аудан жастары, ауыл тұрғындары және қызметкерлер де белсенділікпен атсалысты. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Осындай туған өлкемізді таза ұстауға барлығының қолдау көрсетіп жатқаны – бұл аудан тұрғындарының елге, жерге деген сүйіспеншілігі деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы дер кезінде көтерді деп ойлаймын. Өйткені, бұл акция дереу жалпықазақстандық сипатта көрініс тауып, міне, көктемнен бері барлық ауылда тұрақты тұрде тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, туған өлкеміздің ажары арта түсті, – дейді Ойтал ауылдық билер кеңесінің төрағасы Шахзадам Бидайбаев.

Аталаған округтердің тұрғындары ауыл аумағына тазалық жұмыстарын жүргізуді дәстүрге айналдырыпты.