Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Меркіде мерейлі марапаттар табысталды.
1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай аудан әкімдігінде айрықша мазмұнға толы кездесу өтті. Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов этносаралық келісімді көздің қарашығындай сақтап, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақтың нығаюына өз үлесін қосып жүрген түрлі этнос өкілдерімен жүздесіп, оларды шын жүректен мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында Ербол Жұмабекұлы қазақ жерін ортақ Отаны санап, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан этностардың ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
– Қазақстанның ең басты байлығы – бейбітшілік пен бірлік. Бұл – еліміздің дамуының, өсіп-өркендеуінің берік іргетасы. Қоғамда келісім мен татулықтың орнығуы – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Бүгінгі мереке – тек тарихи маңызы зор күн емес, бұл – әр жүректе ұялаған патриотизм мен өзара сыйластықтың белгісі, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Ізгі лебізден соң, аудан басшысы бірқатар азаматтарға Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» мерекелік төсбелгісін, сондай-ақ, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап, белсенді азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Атап айтқанда, мерекелік төсбелгіге ұлтаралық татулықты нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар – славян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Анатолий Банников, өзбек этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Насырходжа Махмутов және «Ахыска» түрік этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Яша Азизов лайық деп танылған. Ал, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Бахтияр Хасанбаевқа, яғни, өзбек этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесіне табысталды. Бұл құрметке ие болғандардың қатарында ұлтаралық татулықты нығайтуға атсалысып жүрген еңбек адамдарынан бастап, қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген азаматтар да бар. Олар өз кезегінде көрсетілген жоғары құрметке алғыстарын білдіріп, ел арасындағы ынтымақ пен өзара түсіністікті сақтауға әрі қарай да үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда Меркі ауданында 30-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Этносаралық достық пен өзара құрметтің берік іргетасы қаланған өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымы да табысты жұмыс атқаруда.
Бірлік пен бейбітшілік – баршаға ортақ құндылық. Бұл кездесудің мазмұны мен маңыздылығы, ондағы жылы лебіздер мен лайықты марапаттар – ұлт пен ұлысты бөлмей, жүректі біріктіретін шынайы достықтың айғағы десек, артық айтпаған болар едік.