Тарихи ескерткіштерді қорғау – парызымыз

0 27

18-сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Бұл мереке 1984 жылдан бастап аталып келеді. Осыған орай Сыпатай ауылындағы №16 мектептің 7-сынып, М.Жылысбаев атындағы №14 мектептің 9-сынып оқушылары және №9 коледждің 3-курс студенттері Сыпатай ауылының шығыс жақ шетіндегі, қазіргі Тараз-Бішкек- Алматы тас жолының бойында орналасқан Сыпатай батырдың кесенесіне саяхаттап, ескерткіш тарихымен танысты.

Сыпатай батырдың шағын күмбезді кесенесінің құрылысы ХІХ ғасырдың аяғында Қоқан әміршілеріне қарсы күрескен, қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінде қол бастаған, ел басына алмағайып күн туғанда халқына пана болып, өз өлкесін жаудан қорғаған Сыпатай батырдың басына тұрғызылған. Құрылыс 9,0х9,5 м көлемінде күйдірілген қызыл кесектен өріліп, төбесі дулыға тәрізді күмбезбен жабылған.

Кесене облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің және 2017 жылғы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ая­сындағы «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Сыпатай Әлібекұлы (1781-1868 жж.) – қайсар мінезді батырлығымен, сөзге шешендігімен, дауға әділдігімен ел арасында биік беделге ие болған тұлға. Қарапайым шаруа отбасында туып-өскен ағайынды Сыпатай мен Андас жігерлі, намысқой болып ержетіп, ел ісіне араласады.
Сыпатай батырдың кескін-келбетін К.Әзірбаев: «Зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып тастап жүре беретін. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», – деп суреттейді.

ХІХ ғасырдың басында қоқан­дық­тардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай батыр саналы ғұмырын елінің азаттығы үшін күреске арнайды. Атқа қонып, қол жинап, күреске шығады. Салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын елден қуғындайды. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді. Алайда, тағдыры алмағайып заманға тұстас келген батырдың алдында таңдау жасауға тура келген тарихи кезеңдер тұрды. Елі мен жерінің амандығын сақтап қалу үшін басын бәйгеге тікті.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы қазақ батырлары мен билерінің арасында алғашқы болып осы Сыпатай батыр атамыздың 210 жылдық мерейтойын бір атаның баласындай бүкіл халық болып тойлаған едік. Ол уақыттан бері 33 жыл өтіпті. 2022 жылы Сыпатай батырдың туылғанына 240 жыл тойы атап өтілді. Демеушілер тарапынан кесененің күм­безінен су өтпейтін етіп қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Ауданымызда жалпы саны 224 тарихи-мәдени ескерткіш болса, соның 73-і мемлекеттік ескерткіштер тізіміне енгізілген. Олардың 68-і археологиялық болса, 2-уі архитектуралық нысандар, 3-уі монументалды ескерткіштер. Дәл осы тарихи маңызы бар ескерткіштерді қорғау тек қана тиісті органдардың емес бәріміздің де парызымыз.