Тәрбие мектебі – кітапхана

0 22

Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітапхана оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда.Кітапхана жұмысының мақсаты мен міндеті кітапханалардағы бай мұраларды халыққа жүйелі, кәсіби түрде насихаттау болып табылады. Осындай насихаттау жұмысының бір бөлігі ретінде ақпараттық, білім берушілік, азаматтардың бос уақыттарын тиімді өткізуді жүзеге асыруға бағытталған әлеуметтік институт болып табылады.

Кітапхананың аталған міндеттерді жүзеге асыруы көпшілік жағдайда мәдени шаралар мен бос уақытты тиімді ұйымдастыру арқылы іске асырылады. Кітапхананың мәдени шаралар мен бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмысы – пайдаланушылардың күнделікті рухани қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға, қалыптастыруға, арттыруға және тұлғаның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған мақсатты, жүйеге келтірілген жұмыс болып табылады. Оның қызмет көрсету аясы өте кең.

Орталық кітапханалар жүйесінің кітап­ханашылары жұмыстың дәстүрлі жолдарымен қатар пікірталас, денсаулық айнасы, әдеби ринг, ойын-викторина, танымдық сағаты, виртуалды экскурсия, бейне әңгіме, бейне сабақ секілді жұмыстар жүргізуде.
Мысал келтіре кетсем: «Ел болып оқимыз» жобасы бойынша Ә.Қалдыбаевқа арналған «Әлдиханның әлемі» атты биб­лиографиялық шолу, Аналар күніне арналған «Анадан қуат алған жарты ғалам, біз үшін Ана деген алтын адам» атты дивертисмент кеші және т.б тақырыптарда іс-шаралар өтті.
Шаралар кітапханаларда ғана емес, одан тыс жерлерде – әкімшілікте, мектеп­терде, колледжде және т.б. жерлерде өткізіледі.

Көпшілік шараларды өткізу ба­рысындағы кітапханалардың басты міндеті – оқырмандарға кітап оқудың тек ақпарат пен білімнің тауысып болмас қоры ғана емес, сондай-ақ, оның дос және кеңесші бола алатындығын түсіндіру. Өткізілетін әрбір көпшілік шараға көрме ұйымдастырылады.
Аудандық орталық кітапханалар жүйесі көптеген қызықты жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Олардың барлығының қызметкерлердің күш-жігері мен шеберліктерінің, бастама­ларының, жұмысқа қабілетінің және өз кәсібіне шығармашылықпен қараудың арқасында дүниеге келетіні белгілі.

Осы тұрғыда кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын.