Талайдың тағдырын шайқаған чернобыль

0 24

Биыл Украйнадағы Чернобыль атом электр станциясында орын алған апатқа 38 жыл толып отыр.
1986 жылдың 26-сәуірінде болған жа­рылыс салдарынан радиоактивті заттар, оның ішінде, уран изатопы, плутоний, цезий айналаға тарап, радиоктивті түтін 10-нан аса көршілес мемлекеттің ауасын ластады. Оның нәтижесінде, 5 миллион халық зардап шекті.

Аталған апатты залалсыздандыру үшін Кеңес Одағы бойынша 276 мың әскери бөлімдер (600 мыңға жуық адам) қатысса, оның ішінде, 30 мыңнан астам қазақстандықтар болды. Ал, біздің ауданнан 37 азамат Чернобыль жерінде әскери міндеттерін атқарды. Оның 11-і радиациялық науқастарға шалдығып қайтыс болды. Қазір арамызда 13 чернобыльші азаматтар бар.

Өткен жұма күні Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқан меркілік жер­лестерімізге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, «Чернобыль-Семей» қоғамдық ұйымы тө­рағасының орынбасары Бақыт Арзымбетов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев, чер­нобыльші жауынгерлер, қайтыс болған сарбаздардың жанұя мү­шелері мен аудан тұрғындары қатысты.

Көпшілік алдында сөз алған Бақытхан Әбжапаров, Мелісхан Жұматаев және Бақыт Арзымбетовтар арада қаншама жылдар өтсе де бұл зардаптың қасіреті сақталатынын айтып, чернобыльші жауын­герлерге денсаулық тіледі.

Келесі кезекте, ескерткіштің ашылу рәсімі өткен соң, қайтыс болған жауын­герлердің рухына 1 минут үнсіздік жария­ланды.