Табиғат тазалығы – тәрбие темірқазығы

0 16

Мемлекет басшысының бас­та­ма­сымен қолға алынған «Таза Қа­зақстан» экологиялық акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде жүзеге асырылуда.

Осыған орай, Тұрар Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінде сенбілік ұйымдастырылды. Шараға 8-11 сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі және техникалық қызметкерлер жұмыла атсалысып, мектеп ауласы, көгал алаңдары тазартылып, қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды.

Адал азамат тәрбиелеу мақсатында өткізілген бұл сенбілік тек қана тазалық жұмыстары емес, сонымен қатар, оқу­шыларға қоршаған ортаны аялау, табиғатқа жанашырлықпен қарау, ұқыптылық пен еңбекке баулу бағытында тәрбиелік мәні зор іс-шара болды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген дана халқымыздың сөзімен айтқанда, табиғат – аманат. Оны қорғау – әр азаматтың борышы. Осындай шаралар оқушылардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты сүюге және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.

Елімізде кең көлемде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалғасын тапқан екінші сенбілік жұмыстары сәтті өткізілді. Бұл жолы сенбілікке 5-7 сынып оқушылары мен олардың сынып жетекшілері белсене атсалысты. Іс-шараның мақсаты – оқушылардың бойында табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру, сонымен қатар, ұлт болашағына үлес қосар адал, еңбекқор азамат тәрбиелеу. Бұл – жай ғана тазалық жұмысы емес, бұл – табиғатқа тағзым, елге деген жанашырлық пен рухани тазалықтың белгісі. Сенбілік барысында оқушылар бірлік пен жауапкершілікті, еңбектің қадірін сезінді.
«Таза Қазақстан» акциясы – бір реттік сенбілік емес, бұл – ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың ортақ ісі. Табиғатты аялау – өз болашағымызды құрметтеу. Келешек ұрпаққа таза, көркем, гүлденген Қазақстанды аманат етіп қалдыру – баршамыздың парызымыз. Cебебі, таза жер – таза ой. Таза орта – денсаулық кепілі, Таза аула – ұлт мәдениетінің көрінісі, Таза табиғат – кемел болашақтың кепілі!