Сұрмерген немесе жамбы атудан екі дүркін Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Елдос Бадашев туралы бір үзік сыр

0 33

Көз алдыма қазақтың сайын даласы келеді. Желмен жарысқан сәйгүліктерге мінген кілең шамдағай жігіттер. Кәдуілгі ертегінің батырларындай, атқа отырысы да, қолына ұстаған садағы да жарасымды оларды сайдың тасындай сайыпқыран нояндар дерсің түге. Батырлық жыр-дастандарда сол сұрмергендер күміс пен алтын тайтұяқ ілінген жамбыны атып түсірсе хан қызын берген ғой. «Қобыланды батыр» жырында: «Бұлғары садақ, бұқар жай, Тата алмасам маған серт! Бел күшіме шыдамай, Беліңнен кетсең саған серт!» деп те жәй айтыла салмаған ғой.

Осынау ұмытыла бастаған ұлттық өнерге Елдосты алып келген оның өскен ортасы дер едім. Өйткені, қара борбай қаймана қазақ кезінен ат құлағында ойнап өсті. Көкпаршы ағасы Қуан Құрамаев бір күні оған: «Елдос сен мен сияқты күресті де, футболды да көрдің, «Ботбай» командасын құрдың, облысқа, тіпті, республикаға атың шықты. Бірақ, сен қызуқанды жігітсің, республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жамбы атуды қолға алды. Сен осы өнерге өзіңді бейімдесең қайтеді?» – деген ойын айтты. Елдос сол кезде көкпар тартудан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып жүрген, көкпардан Әлем чемпионы әрі өзінің ұстазы Қуан Құрамаевтың сөзін жерге тастамады. Сол күннен бастап садақ атудың сан қырлы сырын жатпай-тұрмай үйрене бастады.

Бұл 2014 жылдың жадыраған жаз айы болатын. Елдос Меркіден садақшылар командасын жинай бастады. Ең алғашқы семинарға Моңғолиядан Баткирле есімді бапкер келіп бұларды он күн бойы қорамса ұстауға икемдеді. Әр облыстан отызға жуық спортшы келді. Қызылордадан Бекқали Үзденбаев, Қарағандыдан Талғат Омарбаев, Алматыдан Алдияр Нұрғазиев нұсқаушы куәлігін алды. Бұл бас бапкер деген атқа ие болды. Моңғол бапкері Елдосқа сонда ұлы далада жасалған садақ пен қорамсақты сыйға тартқан. Елдос осынау көненің көзі болған дүниелерді күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай сақтап, үйіне қойып қойған екен, бізге әкеліп көрсетті.

2018 жылы қарапайым ғана қазақ баласы бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оңтүстік Кореяға барып дүниежүзінің 23 мемлекетінен келген жамбы атушылармен бірінші рет бағын сынасты. Осымен он төртінші рет өтіп отырған Әлем біріншілігіне Қазақстан тұңғыш рет қатысты. Елдос Бадашев бұл жарысқа өзінің шәкірті Абзал Тұлыбековпен бірге барып қатысып, екеуі де Әлем чемпионының Алтын тұғырын кеуделеріне тағып қайтты. Абзал ең кішкентай нысана атудан рекордтық көрсеткіш орнатып, төрт нысананы бір өзі атып түсірді. Онда да ат үстінде шауып бара жатып екеуі де жамбыға дәл тигізді. Сөйтіп, олар Кореяда «қазақтың жамбы ату» стилін тұңғыш рет көрсетіп қайтты. Оңтүстік Корея республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп осы «қазақ стилін» Әлем чемпионатының бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс жасады. Тіпті, Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты қауымдастығына арнайы сертификат берді. Кореяның Каңвондо провинциясындағы Сокхчо қаласында өткен Әлем біріншілігінде чемпион атанған екі мергенімізге де Ким Юнг Суп Корея орденін табыс етті.

Жас мергендеріміз 2019 жылы да Ресейдің Москва облысындағы Серпухово қаласында жамбы атудан өткен І Халықаралық жарыста айды аспанға шығарды. Бақдәулет пен Айкөз Ералхан бір алтын және бір қола медаль алып қайтты. Ал, Елдос Бадашевқа жарысты ұйымдастырушылар «Қасиетті Георгий» орденін омырауына тақты. Сөйтіп, жәй ғана суретші Әлмағамбеттің баласы жамбы атудан омырауына «Алтын тұғыр» қадап, Қазақстанның ең үздік спортшысы деген атаққа ие болды.

Қазір Елдос «Жыл мергені». Оның Қазақстан Республикасының 25 жылдығы мен Алматы қаласының 1000 жылдығына орай өткен фестивальда «Ұлы дала ойындарында» жамбы атудан тағы да жұлдызы жарқырады. Ол Иордания каролінің қолынан ең жоғарғы мемлекеттік награда алғанда да өзінің қарапайымдылығын жо­ғалтқан жоқ. Өйткені, анасы Күлман мен әкесі Әлмағамбеттен бұлар екі ұл, екі қыз. Елдос баланың үлкені. Оның да екі қызы, бір ұлы бар. Айту ләзім, Елдостың бір атасы Спанқұл отызыншы жылдары Луговойдағы «Жыландыда» мал баққан. Елді аштық жайлаған кезде жұртқа қамқор болған. Ал, екінші атасы Шаданқұл Ленин мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытын құруға қатысқан. Оның әйелі ауаткомда хатшы болған. Тіпті, атасы Нүсіпқұл Луговойда теміржолда істеген екен.

Иә, өңкей Олимпиада чемпиондары шыққан Құлан өңіріне Елдос Бадашевтың да жаттығы жоқ екен. Алайда, осынау ұмытылып бара жатқан жамбы ату ұлттық ойыны өкінішке орай оңтүстік өңірлерде әлі де өріс ала қоймағаны өкінішті-ақ. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы Елдос Бадашев бауырымызға және жамбы ату мен бүркіт баптап, құс салудан Азия және Әлем чемпионы атанған Абзал Тұлыбеков пен Бабажан Бақдәулетке қыркүйектің 8-13 аралығында өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға жолдама берді. Қазір олар өздерінің жаттықтырушысы Елдос Бадашевпен бірге осы жарыстарға қызу дайындалуда екен. Чемпиондарымызбен телефон арқылы байланысқанымызда олар ауданның ғана емес бүкіл еліміздің намысын абыроймен қорғайтынын айтып сендірді. Ендеше, жерлестеріміздің Меркіге жеңіспен оралуына тілектестік білдіреміз.

С.ҚОЖЕКЕ.