Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыты

0 25

Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу, тағы сол сияқты осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Бүгінде Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе беріліп, сыбайлас жемқорлықты жою және оның көріністерін болдырмау бойынша қоғамдық және саяси күштермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды науқан жүргізілуде.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі болып айқындалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылғы 2-ақпанда Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы бекітілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұжырымдамасының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады.

Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қолданылуда, оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылады.

Осы ретте,  аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала өтейін.

Меркі ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Соған сәйкес, мониторинг жасалып, ол комиссия отырыстарында қаралып, барлық сұрақтар талқыланып, тиісті тапсырмалар беріледі.

Өзім басқаратын аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қүрес жүргізу мәселелері жөніндегі аудандық комиссия 34 басшы құрамнан жасақталған. Комиссия отырысы тоқсанына кемінде 1 рет өткізіліп, проблемалық мәселелер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға бағытталады.

Оның нәтижесінде, бүгінгі күнге дейін, яғни, соңғы 3 жылда аудан көлемінде сыбайлас жемқорлық көріністері орын алмаған.

Аудан әкімдігінің халық көп қайырылатын бөлімдер, яғни, жер қатынастары бөлімі, сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімі, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және адалдық алаңының жобалық кеңсесінің мамандары сервистік әкімдікке шоғырланған. Бүгінгі күнге дейін 500-ден аса адам қайырылды, барлығына заң аясында жауаптары берілген.

Жалпы, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін «Меркі адалдық алаңы» ашылған. Онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттарын айқындап, халық арасында жиі көтерілетін мәселелерге ден қойылады.

Сонымен қатар, аудан аумағындағы орналасқан облыстық және аудандық мекемелердің қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында сауалнамалар жүргізіліп тұрады.

Бұдан бөлек, халық көп қайырылатын жер саласы бойынша барлық өткізілетін жер комиссиясы, жер конкурстары бейнежазбаға түсіріліп, қажеттілігіне қарай тікелей эфирге шығарылып отырады.

Сонымен қатар, кадр қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік және бюджеттік мекемеге қызметкер қабылдау конкурстары ашық жәрмеңке арқылы, қажеттілігіне қарай тікелей эфир және әлеуметтік желілер арқылы көрсетіліп, бұл бағыттағы жұмыстар дұрыс жолға қойылған.

Бүгінгі күнге аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 20 материал жарық көріп, 5 билборд ілінсе, барлық мекемелер мен ғимараттарда арнайы плакаттар ілінген.

Аудан бойынша сыбайлас жемқорлыққа жол беріп немесе мемлекеттік қызметке кір келтірген қызметкерлер тіркелген жоқ.

Мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің әрбір қызметкері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 1-қыркүйектегі «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Жолдауында көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуде.

Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары да өз араларында бекітілген комиссия отырыстарында бұл мәселені жиі қозғап, талқылап отырады.

Қоғамдық кеңес және аудандық мәслихат депутаттары тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ұсыныстар енгізілмеген.

Қорыта айтқанда, аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны болдырмау бағытындағы жұмыстар өз деңгейінде ұйымдастырылып, жеке менің бақылауымда болады.

Жорабек БАУБЕКОВ,

Меркі ауданының әкімі.