Спорт саласы мен суармалы кезеңнің өзекті мәселелері қаралды

0 17

​Сейсенбі күні аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Кеңес күн тәртібінде аудан аумағындағы дене шынықтыру және спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен суармалы кезеңнің жай-күйі қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жасұлан Жантелиев баяндама жасап, атқарылған істер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Бөлім бас­шы­сының айтуынша, бүгінде ауданда 269 спорт нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар, 3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2395 оқушы түрлі спорт түрлерімен шұғылдануда. Жыл басынан бері 145 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оларға 18 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Алайда, кейбір спорт алаңдарының тозуы, жабдықтардың жеткіліксіздігі, спорт инфрақұрылымының әлсіздігі секілді бірқатар мәселелер де бар екені айтылды.

​Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық «Қазсушар» меке­ме­сінің басшысы Мәлік Әділқұлов баян­дама жасап, суармалы кезеңге қатысты мәліметтермен бөлісті. Баяндамашының мәлімдеуінше, аудан бойынша 194 су пайдаланушымен келісім-шарт жасалған. Алайда Үлкен Шу арнасы мен өзге де каналдардың тозуына байланысты су жеткізу тиімділігі едәуір төмендеп отыр. Мәселен, Үлкен Шу каналында бұл көрсеткіш небәрі 36 пайызды құрап отыр. Осыған орай, суды құбыр арқылы жеткізу, қосымша ұңғымалар қазу, сондай-ақ, Қасқасу шатқалында сыйымдылығы 28 млн. текше метр болатын су қоймасын салу ұсынылуда. Бұл шаралар іске асқан жағдайда 5 900 гектарға жуық егістік алқапты тұрақты суаруға мүмкіндік бермек.

Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қаралған мәсе­лелердің маңыздылығына тоқталып, оларды шешуде нақты әрі жүйелі қадамдар қажет екенін атап өтті. Әкім дене шынықтыру және спорт саласында инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаң­ғырту, спорттық жабдықтармен қам­тамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, суармалы кезеңде суды әділ әрі тиімді үлестіру үшін ауыл әкімдері мен тиісті мекемелер арасында тығыз іс-қимыл орнату қажет екенін айтты. Бұл жұмыстардың орындалу барысы аудан басшысының тікелей бақылауында болатыны да ескертілді.