Шырын ақын туралы ой толғап…

0 11

Сексен деген сеңгірдің ақша қармен көмкерілген шыңына аяқ артқан аяулы ақынымыз, қазақтың бір шоғыр ақын қыздарының сапында өзіндік орны бар, өрнегі бар, үні бар Шырын Мамасерікова туралы осынау мерейлі сәтте бірер ауыз ой толғасақ артықтық етпейді.

Сонау 13 жасынан өлең өлкесіне құлаш ұрып, күні бүгінге дейін оннан астам жыр жинақтарын шығарған Шырынға даңғайыр жазушы Әбіш Кекілбаевтың еркелете: «Айналайын Шырынжан, уыз, шырын жырларың көбейе бергей!» – деп бата тілеуі де тектен-тек болмаса керек. Туған топырағынан ұзамай, кіндік қаны тамған өңірде ақын еліне елеулі, халқына қалаулы болып қызмет атқарған Шырын Мамасерікова Меркі ауданының Құрметті азаматы атанды. Қоғамдық жұмысқа белсене араласқаны үшін республиканың «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен, сондай-ақ, «Еңбек даңқы», «Мейірім», «Ана шапағаты» және т.б. төсбелгілермен марапатталған. Ұстаздық қызметі үшін «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атанды.

Шырын – тағдырлы ақын. Шартарап қоғам өмірінде болып жататын қилы құбылыстар, алуан сипатты оқиғалар, өзгерістер ақын жырларына үнемі арқау болып отырады.
Ақиқат пен шындық көзін жұмғанда,
Арғымаққа жабы қақпан құрғанда.
Жер болып ем үнсіздікке көміліп,
Озбыр билік ойран салып тұрғанда.

Таулар шөгіп, тасыр мәз боп тасқанда,
Қылмыс өршіп, заңды белден басқанда.
Тірі өлікке айналғандай болып ем,
Қатыгездік арнасынан асқанда.
«Кеше мен бүгін»

Өткен қоғамда өршіген әділетсіздік пен озбырлықтың халық тағдырына, ел рухына еткен әсерін ашына жырлаған ақын тәуелсіздік таңы атқанда:
Тамұқ түнін қуып тастап жүректің,
Тәуелсіздік! Үмітіме гүл ектің,
Көкірегіме ұялатып иманды,
Алпыс екі тамырымды нұрлы еттің, – деп шабыттана жырлайды.

Ақын 2021 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік тартулары» жинағында осы тақырыпқа жиырмадан астам өлеңдерін арнапты.

«Ақ жол» газетінің тілшісіне 2016 жылы берген бір сұхбатында Шырын «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» деп ой толғаған екен. Айтуынша, өлеңді

13 жасынан бастап жаза бастапты. 14 жасында облыстық «Еңбек туы» газетінде «Кітапқа» деген тырнақалды туындысы жарық көріпті. Сол сәттегі балауса қыздың қуанышында шек болмапты. Құрбыластары, ұстаздары, ауылдастары осы сәттен астап-ақ оны «Ақын қыз» атандырды.
Орталау мектепті бітірген соң Жамбыл педучилищесіне оқуға түсіп, оны 1963 жылы бітіреді. Міне, осы жылдары ол жыр әлемінің қастерлі баспалдағын еркін аттап, жастық жігерге, махаббатқа, сүйіспеншілікке толы өлең-жырларын молынан жариялай бастайды.

Училищені жақсы аяқтаған Шырын Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық инситутының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1967 жылы бітіріп шығады. Бірыңғай ұстаздарды дайындайтын атақты білім ошағында оқып жүргенде аса көрнекті ғалымдар Мәлік Ғабдуллин, Серік Қирабаев, Қажым Жұмалиев секілді ғұламалардың лекцияларын тыңдап, тал бойына білім нәрін жинады, көркем әдебиет әлемінің сырларына қанығады. Сол институтты сәтті аяқтап, еңбек жолын Меркі ауданындағы Гранитогор мектеп-интернатында мұғалім болып бастайды. Кейіннен аудандық халық ағарту бөлімінде әдіскер болды. «Нәзік нақыш», «Жыл құстары», «Гәкку», «Нәзерке», «Әулие бабам – Сыпатай», «Өмірімнің әр жолы – өмірбаян», «Асыл­дың сынақтары», «Фатима», «Бақыт», «Арман гүлі», «Шапағат нұры», «Тәуелсіздік тартулары», «Елге деген махаббат» атты оннан аса жыр жинақтарын шығарды. Шырынның жырлары туралы ой толғап, пікір сабақтаған көрнекті ақын, ғалым, сыншылардың барлығы бір ауыздан оның өлеңдерінің мазмұндылығын, ұғымға ұрымтал келетіндігін, айтар ой, толғамы сана төріне мөлдіреген шықтай ұялып тұра қалатындығын ерекше атап өтеді. Осы орайда, бүгінде аракідік бой көрсетіп жүрген әсіремодшыл ақын­­дардан аулақтау Шырынның поэ­зиясы туралы толғамды ой айтқан көр­­­некті ғалым Сәмен Құлбарақтың пікірі көкейге қонады. «Қазіргі кейбір ақындардың өлеңдерінде сөз ойнату мен құбылту, қабылдануы қиын ұғымдар мен образдарды үстемелеп қолданып, санаға салмақ түсіру, бір оқығанда түсінбей, қайталап оқып, ойдың, сезімінің соншалықты терең еместігіне көңілің ортайып қалып жататын әсірешілдіктен тыс болар. Біздіңше, өлеңнің бәсі бірінші кезекте мазмұнында, ақын дүние­танымының тереңдігіне деп білеміз», – деген толғамды ойы Шырын шығар­маларына тікелей байланысты айтылған. Ақын «Сыр» деген жырында:
Жетектемес мені ешкім,
Ханның қызы емеспін!
Таразылап ақылға,
Қабырғаммен кеңестім…

Бояғам жоқ түрімді,
Кескенім жоқ бұрымды.
Оқушыға ұсындым,
Үкілеген жырымды.

Алаулаған от едім,
Ішімдікке жоқ едім.
Арамзаға жаны қас,
Атылатын оқ едім.

Алдауды түк білмедім,
Насты көзге ілмедім.
Жеңілтекке салынып,
Жас боп ойнап күлмедім, – деп ағынан жарылып, әсіре қызыл, сұлу сөзсіз-ақ өзінің жан дүниесін, ішкі әлемін оқырманға жайып салады.

Қатал тағдыр Шырынды шырғалаңды шиыр жолына салғанын, маңдайынан сипай қоймағанын оның көңіл-күйге, ішкі сезімге құрылған жырларынан айқын аңғарамыз. Сүйген жардан ерте айырылып, жар дегендегі жалғыз перзентінен, анасынан, інісінен қапияда ажырап, қаралы күндер тұтқынында қалған сәттерде де ол бойын қайта тіктеп, жыр ескегіне қол артады.

Қайғы жаншып жүрегімді езгенде,
Қасіреттің қияметін сезгенде.
Қасымда тек қалды өлең-періште,
Қашып бәрі айналамнан безгенде.
Анам болып аймалады ол жұбатып,
Балам болып құшақтады ол қуантып.
Жан жарым боп, бауырым боп сүйеп жүр,
Жықпасын деп қатал тағдыр сұлатып.

Осындай жүрек қойнауынан шыққан жырлар оның қайғының жойқын қара бұлтын ыдыратып, жан дүниесін жарық дүниенің шуақты сәулесімен шомылдырады. Жабырқаған көңіліне нұр шашып, көкірегінен сұлу жыр болып төгіледі.

Ақын Шырын өзегін жарып шыққан жырларында шындық туын қолынан түсірмей, адалдық жолынан таймай, шын жүйрікті даралар өнер-жарыс жолында аянбай тер төгеді. Олардың астарында оның тағдыр-тәлейі, өзіне мәлім қатпар-қатпар жан сырлары бар.

Ақынның жырларының тақырыптары ауқымды да әрі алуан. Ол ұлы даламыздың асыл перзенттері Әл-Фараби, Әз-Жәнібек, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Жамбыл, жыр жампозы Төлеген Айбергеновтерді тебірене жырға қосса, енді бірде туған жерінің Баянауыл, Шу, Ертісін, өз өмірінің жарқын шағы өткен Аспарасын, мерейлі Меркісін өлеңіне арқау етеді.

Таулары бабалардың көзіндей боп,
Баулары анамның бал сөзіндей боп.
Мәңгілік жасай берші, алтын ұям,
Аспарам – пейіштің нақ өзіндей боп!

Оның өнер адамдары, қаламдас әріптестеріне арнаған жүрекжарды жырларының өзі бір төбе. Шырынның өміріне тағдырына белгілі дәрежеде араласқан атақты ақын Фариза Оңғарсынованың орны ерекше. Ол жөнінде белгілі журналист, «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әлихан Нұралиевке берген сұхбатында егжей-тегжей баяндаған. Бұл орайда Шырын былай деп сыр шертеді:
« – Қоғамның қара түнегі соңыңнан қалмаса, тіршіліктің иір-қиыр жолдары адамды қайда апармас дейсің?! Хадисте: «Біреуге жасаған жақсылығыңды ұмыт та, ал, біреудің жасаған жақсылығын еш уақытта ұмытпа!» – деген сөз бар. Тумай туысып, біте қайнасып кеткен жандардың бірі – Фариза Оңғарсынова еді. «Большевик» мектебінде жүріп, ауыл бұзақысымен айқасып, соттасқанымды естіген ол Меркіге келіп, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Ә.Исақовқа: «Әлмұқан Әбдірахманұлы! Сіздер неге ақын қызды жылатасыздар? Шырын неге Меркіде тұрмайды. Бір келгенімде тау түкпіріндегі Гранитогор қыстағында еді, енді келсем «Большевик» колхозында жүр. Ауылдың маскүнем бұзақысы шашынан сүйреп, мазақ етпек болыпты, не деген масқара?! Егер, бір айдың ішінде Меркіге әкелмесеңдер, «Ақын қызға жандары ашымайды!» деп «Араға» фельетон жазам да, Алматыға алып кетем!» – деді. Ол кезде «Араға» шығу абақтыға түсумен бірдей болатын.

Міне, осы тұста Фаризаның табанды талабы аудандық басшылыққа қатты дүмпу жасайды. Әрі ұстаз, әрі ақын қызға аудандық газеттің орын­басары, мектеп директоры қызметтерін ұсынады. Бірақ, олардан бас тартқан Шырын аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры бо­луға келісім береді. Жаңа жұмысқа құлшына кіріскен Шырын Алматыдағы әдебиет, өнердің көрнекті өкілдері Қалдарбек Найманбаев, Сағи Жиенбаев, Күләш Ахметова, Әсет Бейсеуов, Жәнібек Кәрменовтерді шақырып, Меркі жерін үлкен думанға бөлейді.

Уақыт өте келе кітапхана жұмысының көзге көрінбейтін сансыз қиындықтары бар екеніне көзі жетеді. Өлең, жырдың ауылы тым алыстай бергенін байқайды. Сөйтіп, таза өз мамандығы бойынша аудандық білім беру мекемесіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері болып ауысады. Алдында Ш.Мамасерікова мектепте мұғалім болып істеп жүрген кезінде үздіктер қатарынан көрініп, ауданның маңдайалды ұстаздарының бірі болды. Оның іс-тәжірибесі жайлы арнайы плакат шығарылып, облыс мектептеріне таратылды. Осының өзі Шырынның қай істің басы-қасында болмысын, өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтындығының айқын айғағы болса керек. Міне, осы кезеңде оның шығармашылықпен етене айналысуына мүмкіндік туады.

Шырын ақын болып қана қоймай, Меркі аудандық тарихи-өлкетану мұражайының тізгінін сеніп тапсырғанда, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін жаңа қырынан таныта білді. Бұл жылдары ол мұражай жұмысына түбегейлі өзгерістер енгізіп, оның экспонаттарының жан-жақты толығуына көп күш жұмсады. Т.Рысқұлов, Қ.Сарымолдаев, М.Жылысбаев және т.б. жайлы тарихи-танымдық шығармалар жазды. Жабық есік жағдайында ұсталған тың деректерді жарыққа шығарып, жазықсыз жазаланған аяулы, ардақ жандардың рухын тірілтті.

Батылдық, қайраткерлік мінез Шырын ақынның тал бойына ана сүтімен берілген қасиет. Ертеректе, сонау аты шулы 1986 жылғы Алматыда болған алапат дүмпуден кейін Меркіде де елді елең еткізер оқиға болған. Сонда сол кезде ауданды абыройлы басқарып, Сарғобы құмына, Сусамыр елді мекеніне жол салып, ет комбинатын соғып, аудандық мұражай ашып, елеулі тірліктер жасап жатқан ауданның бірінші басшысы Ермек Сауранбаевты Колбиннің пәрменімен босатып, орнына Павловскийді қою кезінде болған аты шулы оқиғада оған қарсы шығып, іскер аудан басшысының орнында қалуын қолдап, 200-ден астам адам қол қойған екпінді, белсенді топтың бел ортасында жүрді. «Ауданды қазақ басқарсын!» – деген батыл пікірін ашық айтқан ақынның саңқ еткен үні көзі тірілердің әлі есінде. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Клочков бастап келген топ сол кездегі партиялық уставты белден баса отырып, 48 пленум мүшесінің 28-і Сауранбаевты жақтаса да, облыстық партия комитетінің зорлығымен тізеге салып, Павловскийді басшылыққа өткізеді. Олар іле-шала қарсы дауыс берген 28 адамның соңдарынан шырақ алып түседі. Сынықты сылтау етіп, оларға түрлі шаралар қолданады. Оннан аса адам Коммунистік партия қатарынан шығарылды. Жұмыстарынан қуылды, күйзеліске түскен азаматтардың кейбірі дүние салып кетсе, табандылары айқаса жүріп, өз құқықтарын қорғай алды. Ол кезде партия қатарынан шығарылу деген сөз тағдырың алмастың жүзіндей қылпыған қылкөпірдің үстінде тұрумен пара-пар болатын. Шырынның да партия билетіне қатаң сөгістің таңбасы түседі. Жүйкесін жүндей түтіп, небір мыжыма, құйтырқы, мың құбылма «саяси» сұрақтармен тергеп, санасын сансыратады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шырынның ұстаздық қызметінде де елеулі жетістіктерге жеткендігін сөз еттік. Ал, былайғы жұрт Шырынның айтыс өнерінде де өрнекті із қалдырып, кейініректеу оны неге тастадыңыз деген тілші сұрағына берген жауабын келтіре кетейік. « – Мен жазба ақынмын. 1980 жылдары айтысқа шығатын қыз-келіншектер болмады. Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы Медеулов Рахманқұл Меркідегі мәдениет бөлімінің меңгерушісі Шайық Ерназаровқа: «Республикалық баспасөзде өлеңдері жиі жарияланып жүрген аудандағы Шырын Мамасерікованы үгіттеп айтысқа қатыстырмасаң, онда жұмысыңмен қоштаса бер!» – депті. Мен көнбей жүргем. Шайық аға үйіме келіп: «Қарағым, менің 7 балам бар, әйелім болса ауру. Егер мені қызметтен қуса, оларды кім асырайды?!» – деп қинала өтінген соң амалсыздан айтысқа қатыстым. Ол кездері машина, ат мінгізу деген болмайтын, жеңгендерге сағат, домбыра, хрусталь ыдыстар сыйлайтын. 5-6 жылдай айтыстым. Әзімбек Жанқұлиевпен айтысқанымда ол: «Ауған соғысынан келген жаралы жауынгермін. Сіз Жамбыл, Алматының ақындарын түгел жеңдіңіз, жастарға қашан орын бересіз?! – деген сұрақтар қойғанда, жеңілгенімді мойындадым. Әрі сол уақытта Күміскүл Сәрсембаева, Айнұр Тұрсынбаева, Алтынкүл Қасымбековалар шыға бастаған еді. Соларға жол беріп, өзімнің жазба ақындығыма қайта оралдым», – депті.

Асқақ азаматтықты ту етіп ұстаған ақын қоғам өміріне белсене араласқанының куәгеріміз. 1990 жылдың 30-қаңтарында Меркі жеріне Қазақ КСР халық депутаттығына кандидат, сол кездегі ККП ОК бірінші хатшысы Н.Назарбаев келгенде, аудандық өлкетану мұражайына соғады. Сонда Шырынға республиканың бірінші басшысы алдында мұражайдың экспонаттарымен та­ныстыру тапсырылады. Іс-шара өтер алдында бір сағат бұрын ғана хабарланған Шырын қатты қиналады. Қайта осы сәтте Назарбаевтың өзі үкімет басшысы болып тұрғанда музейді ашу жөнінде шешім қабылдағанын жылы шыраймен еске алып, таныстыру рәсімінің оң бағытта өрбуіне мұрындық болады.

Сол сәтте ақын Шырын көсіле сөйлеп, осы өлкенің, Аспара өңірінің шежіресін тебірене әңгімелейді. Сөйтіп, ХІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнидің Меркіден сүт пісірмей қашықтықтағы Ақтөбе деген ауыл маңында дүниеге келгенін алға тартады. Сонда Назарбаев қырғыз ғалымдарының Баласағұн қаласы Талас жақта деп жүр ғой дегенде Шырын қарсыласып: «Жоқ, олай емес. Институтта оқып жүргенде ұстаздардан естігем. Әрі тарихи кітаптарда қытай, парсы жиһанкез саяхатшыларының жазбаларында Баласағұн қаласы Жетісу өңіріндегі Шу бойында деген», – дейді. Осы кезде облыс, аудан бас­шыларының түстері күлдей болып, барлығы төмен қарап кетіпті. Себебі, қазақта «Басына бәле тілеген адам сұлтан сөзін қайырар» деген бар ғой. Бірақ, осы тұста да Назарбаев: «Дұрыс айтасыз. Тарих деген жұмбақ, әлі толық шешілген жоқ. Сіз де қорықпай осылай айта беріңіз», – деп арқасынан қаққанда, айналадағылардың барлығы жадырай күлісіп, мәз болысады. Сол жолы протоколдық 15 минуттық кездесу орнына 40 минуттан аса әңгімелескен Шырын орайын келтіріп, Сыпатай батыр кесенесін көтеруді, әуесқойлық деңгейде қазақтың қара баласы, қара кемпірі, қара баласының қамын жеп, олардың мұңын әнмен қалың елге жеткізіп жүргенін Алтынбек Қоразбаев туралы айтады. Соның артынша сазгерге Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер атағы беріледі. Сол жолы ол Шырын Мамасерікованы өзінің сенімді өкілі етіп белгілеп кетеді.

Құлан жерінде кіндік қаны тамған, іргелес жатқан Меркі топырағында елеулі еңбек етіп, жүрек қылып тербер неше алуан сырлы жырларын тудырған Шырын абырой, атақтан кенде емес. 60, 70, 75 жылдық мерейтойлары елеусіз қалған жоқ. Ал, 2021 жылдың 8-наурызында ҚР Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың құттықтауы ақынға ерекше қуаныш сыйлады. Аудан әкімі Руслан Нұрсипатов алқызыл гүлімен, сый-себетімен отбасына арнайы барып, салтанатты түрде табыстады.

Шырынның жарық көрген жыр жинақтары, жырлары оқырмандар, сыншылар, әріптестер тарапынан елеусіз қалып көрген емес. Оның шығармашылығы туралы Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Айша Көпжасарова, айтулы ғалым Сәмен Құлбарақ және т.б. ой толғаған.

Фариза: «Шырынның шығармаларын оқып отырғанда маған келген ой суретшілер адамының портретін бояумен жасайды ғой, ал, Шырын ақын өлең тілімен сурет салады екен», – деп әдемі ой түйіндепті.
Ақын қоғамда, өмірде, елімізде болып жатқан қандай да бір елеулі оқиғаларға, өзекті мәселелерге үн қатпай қалған емес. Осыдан аз ғана жыл бұрын халықты сансыратып кеткен пандемия, короновирус оқиғалары, Байзақтағы небір боздақтардың өмірін жалмаған жарылыс туралы ет жүрегі езіліп, қабырғасы қайысып жыр-жоқтау жазады. Сан алуан тақырыпта жыр бесігін тербеген ақын ұлтымыздың ұлағаты ұл-қыздарына, өмір жолдарында өзіндік із тастап жүрген замандастарына, әріптестеріне арнаған жыр толғаулары бір төбе. Шерхан аға дүние салғанда:

Туған ел тек өзіңмен еңселі еді,
Шераға өлді деуге кім сенеді?
Халықтың қабырғасы сөгілгендей,
Қайғырып қарт Қаратау теңселді, – деп тебіренеді.

Ақын жырларының бір шоғыры өзінің тар жол, тайғақ кешкен тағдырына арналған. Қалың бұлт арасынан жарқ етіп, сағындырған нұрлы шуақ сәулесіндей Дінмұхаммед-Димаш шөбересі дүниеге келгенде ақжарма сезімін ақын былай ақтарады:

Жүрегімнен төгілгендей аппақ ән,
Жас сәбиден қуат табам, бақ табам.
Жарқылдаған найзағайдай намысы,
Жақпарымды көргендей нақ шаттанам.

О, Жаратқан! Шөберемді жебей гөр,
Жалынамын тілегімді елей гөр.
Өмір жасын ұзақ етіп және де
Өнегелі өрен жүйрік ете гөр! – депті.

Біз де өзіміз аяқтай келе өмірден ерте өткен аяулы азаматы Бейсеннің адал жары Шырынның атар таңының арайлы болып, Жақпарынан тараған немерелері Бақыт пен Баққондының, келіндері Гүлдер мен Кәмиланың қызықтарын көре берсін дей отырып, алдан атар таңдарының арайлы болып, көкжиектерін кіреуке бұлт шалмауын шын жүректен тілейік!