Семей полигоны: Жаңғырығы естен кетпес жарылыстар

0 20

Кеңес Одағы кезінде ұлы державалар арасында орын алған қырғиқабақ со­ғыстың салдары ауыр болды. Оның азабын Қазақ елінің бір бөлігі әлі күнге дейін тартуда.

Тарихтан белгілі, КСРО елі мен НАТО (Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымы) блогына мүше мемлекеттердің әскери күштерінің жарысып, текетірес жолына аянбай түсуі Семей ядролық сынақ алаңының ашылуына негіз болды. Ал, ол ажал мен азап құштырған алаң Алаш даласының азып, қазақ баласының қасірет тартуына әкелгені бұл күндері барша әлемге аян.

Осылайша, 1949 жылдан бері кемі 456 ядролық жарылыстың (оның 116-сы жер бетінде болды) өзегіне айналған осы алаңның жабылғанына биыл 33 жыл толып отыр.

Міне, осы датаға орай ұйым­дастырылған іс-шара тап осы 29-тамыз – Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы күні болып өтті.

Аталған полигонда қызмет еткен меркілік ардагерлерге арналған ескерт­кіш жанына жиналған көпшілік гүл қою рәсімін жасап, ядролық жарылыстар зардабынан қайтыс болған жауынгерлер рухына тағзым етті.

Келесі кезекте, Семей полигоны ар­дагерлері мен аудан тұрғындары алдында сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев пен Семей по­лигонының ардагері М.Асанбаев сол бір ядролық сынақтардың адамзат үшін зардабы туралы кеңінен айтып, оның қайталанбауын тіледі.

Айта кетсек, ауданымызда «Семей ядролық сынақ полигоны» қо­ғамдық бірлестігі жұмыс жасап, оның құрамындағы 174 ардагерге тиісті әлеуметтік тұрғыдағы қолдаулар көрсетіліп келеді.