Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өңірлік журналистер арасында дәстүрлі облыстық спартакиада өтті.
Аталған іс-шараға облыстық телеарналар, газеттер, ақпараттық порталдар мен баспасөз қызметтерінің өкілдері қатысып, спорттың алты түрінен өзара мықтыны анықтады.
Спорттық бәсекенің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйлеп, ақпарат саласы мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Ол бұл іс-шараның игі дәстүрге айналғанын атап өтіп, журналистиканың ел мен билік арасындағы алтын көпір ретіндегі маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, журналистерге өңір басшылығы тарапынан әрдайым қолдау болатынын жеткізді.
Спартакиаданың өтуіне мұрындық болған ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов пен спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі де тілшілер қауымын мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен командалық эстафетада бірінші орынды «Taraz Press» командасы иеленді. Екінші орын «Jambyl TV» ұжымына, ал үшінші орын Шу ауданының командасына бұйырды. Арқан тарту жарысында Полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі қарсылас шақ келтірмей, топ жарды. Екінші орын – Шу ауданының командасында, үшінші орын – «Jambyl TV»-ге тиесілі болды. Волейбол бәсекесінде де ПД құрамасы финалға дейін жетіп, екінші орынды қанағат тұтты. Ал, бірінші орын «Салық тәртібі» командасына бұйырса, үшінші орынды «Taraz Press» иеленді.
Жекелей сайыстар да қызықты әрі тартысты өтті. Үстел теннисі, қол күрес пен дойбы ойындарында ерлер мен әйелдер арасында үздіктер анықталып, жеңімпаздарға жүлделер табысталды.
Үстел теннисінен ерлер арасында Әбіш Нұрберген (Шу ауданы) бірінші орын алса, әйелдер арасында Гүлдана Ализа (ПД) үздік шықты. Қол күресте Мұхаммед Әуезов (ПД) және Айнұр Балтабаева («Taraz Press») чемпион атанды. Дойбы жарысында да Нұрболат Әлдибеков («Taraz Press») мен Ботагөз Темірбаева (ПД) қарсылас шақ келтірмеді.
Жарыс қорытындысында жалпыкомандалық есеп бойынша Полиция департаментінің баспасөз қызметі үздік атанып, бірінші орынға көтерілді. Екінші орынды «Салық тәртібі» командасы иеленсе, «Taraz Press» үздік үштікті түйіндеді. Спартакиада соңында жеңімпаздарға арнайы дипломдар, естелік сертификаттар және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Дода журналистердің бірлігі мен рухын күшейтіп, саламатты өмір салтын насихаттауға тың серпін берді.