Сайлау жүйесіндегі оң өзгерістер

0 29

Өткен жұма күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған және 2025 жылы алда тұрған міндеттері туралы» аудан ак­тивімен есептік кездесу жиыны болып өтті.

Жиынға Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдапкелов Серғали Өмірзақұлы, аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы, Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымов, аудандық мәслихаттың төрағасы Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлы, депутаттар, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімі аппараты басшысының уақытша міндетін атқарушы Зетқұлов Қуат Есболатұлы мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қауымдастық төрағалары, саяси пар­тиялар, үкіметтік емес ұйымдардың, бұ­қаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері және округтік, учаскелік сайлау комис­сияларының мүшелері қатысты.

Есеп беру жиынына модераторлық жасаған Ш.Абылқасымов күн тәртібімен таныстырған соң, «Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары мен 2025 жылы алда тұрған міндеттері туралы» баяндама жасады.

Әділетті Қазақстанды құру кезінде сайлау институтының маңыздылығы турасында кеңінен тоқталған Ш.Абылқасымов:

– Қазіргі кезде еліміздің саяси өмірінде сайлау маңызды рөл атқаруда. Мемлекеттің болашағы саяси науқанға байланысты екені де жасырын емес. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің Ата Заңында оны жүзеге асырудың ережелері мен нормаларына ерекше басымдық береді. Соңғы үш жылда әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып, еліміздің сайлау жүйесіне оң өзгерістер енгізілгені белгілі. Сол өзгерістердің бірі – комиссия мүшелерін кәсібилендіру. Аталған өзгерістерге сәйкес, Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 3 мүшесі өз міндеттерін тұрақты кәсіби негізде атқаруда. Бұл өзгерістердің негізгі себебі – еліміздегі сайлау процестерінің тұрақты әрі үзіліссіз жүргізілуі және қос тараптың жауап­кершілігін едәуір күшейтті. Межеленген міндеттер мерзімінде, өзекті мәселелер өз уақытында орындалады. Әрбір сайлау комиссиясы сайлау процестерін заң аясында және ашықтық қағидатына сай өткізуге әрдайым мүдделі. Осы қағидатқа сүйене отырып, Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 2024 жылы жоспарға енгізілген тиісті жұмыстарды атқарды. Ауданда Меркі аудандық мәслихатының 15 бірмандаттық сайлау округі, 41 сайлау учаскелері орналасқан. Барлық сайлау учаскелері ғимараттардың 1-қабатында және басым бөлігі білім мекемелерінде орналасқан. Оның ішінде, білім беру мекемелерінде – 30 (мектептерде – 25, бала бақшаларда – 4, оқушылардың «Үміт» сарайында – 1), мәдениет мекемелерінде – 8 (мәдениет үйлерінде – 2, клубтарда – 6), жеке меншік ғимараттарда – 3 (Меркі шипажайы, «Севиль Меркі» ЖШС, «Нафиса» ШҚ ғимаратында.) Бір мекемеде қосарланып орналасқан сайлау учаскелері жоқ. «Қазақстан Рес­публикасындағы сайлау туралы» (ҚР 1995 жылғы 28-қыркүйектегі N2464 КЗ) заңының 10-бабының 3-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясын қоспағанда, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Ау­мақ­тық, округтік және учаскелік сайлау ко­мис­сияларының мүшелерін саяси пар­тиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды және олардың өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды. Осы талапқа сәйкес, қазіргі уақытта жұмыс атқарып жүрген аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары Меркі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 25-желтоқсандағы №17-3 шешімімен қа­лып­тастырылған. Жалпы, аудан кө­леміндегі 58 сайлау комиссияларында (Аумақтық – 1, округтік – 16, учаскелік – 41) 360 комиссия мүшесі жұмыс атқаруда. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің 83,6 пайызы (301 адам) сайлау жүйесінде екі жылдан астам тәжірибесі бар азаматтар. Учаскелік сайлау комиссияларының арасында 5 мүшеден құралған – 15, 7 мүшеден құралған – 18, 9 мүшеден құралған 8 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Учаскелік сайлау комиссияларының құрамындағы 273 мү­шенің 176-сы әйелдер, 97-сі ер азаматтар. Білімдері бойынша: жоғары білімдісі – 208, арнаулы орта білімдісі – 49, орта білімдісі – 16. Мамандықтары бойынша: педагогтар – 146 (53,5%), экономистер – 24 (8,8%), заңгерлер – 12 (4,4%), IT мамандары – 14 (5,1%), дәрігерлер – 6 (2,2%), өндіріс саласының мамандары – 71 (26,0%). Ұлттық құрамы бойынша: қазақтар – 262, орыстар – 4, қалған 7-уі өзге ұлт өкілдері. Комиссия мүшелерінің 312-сі саяси партиялардан (7 партия), 48-і қоғамдық бірлестіктерден (3 ҚБ) ұсынылған. Өткен жылы №2, №15 Меркі аудандық бірмандаттық сайлау округтері бойынша аудандық мәслихат депутатының сайлауын және қазан айындағы Республикалық референдумды дайындау мен өткізуге байланысты комиссия құрамдарына талдау жүргізіліп, әртүрлі себептермен комиссия құрамдарынан шығарылған 11 комиссия мүшесінің орындары Меркі аудандық мәслихатының шешіміне сәйкес толықтырылды. Кәсіби өсудің кілті – біліктілікті арттыру, ал, біліктілікті арттыру – өз білімін жетілдірудегі басты қадам. Осы қағидаға сүйене отырып, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында 2024 жылдың наурыз айында №15 сайлау округінде, желтоқсан айында №2 сайлау округтерінде өткізілген сайлауларға байланысты аталған округтерге қарасты округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен – 5, қазан айында референдумды өткізуге байланысты учаскелік референдум комиссиялары төрағаларының қатысуымен 2 рет семинар-кеңес, 1 рет кеңейтілген отырыс (16.09.2024 жыл) және жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын қатыстыра отырып 1 рет іскерлік ойын өткізілді. Сонымен қатар, УСК-ның 273 мүшесі референдум қарсаңында қашықтықтан оқыту мен тестілеуден өтті. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен ау­мақтық референдум комиссиясының – 7, учаскелік референдум комиссияларының – 273, барлығы 280 комиссия мүшелерінің қатысуымен (10.09.2024 жылы) семи­нар-тренинг өткізіліп, сертификаттар табыс етілді. 2024 жылдың ақпан айында «Дүниежүзілік сайлау күніне» орай, сай­лау комиссиясы мүшелерімен №9 Меркі колледжі білімгерлерінің, М.Әуезов атын­дағы мектеп-лицейінің оқушыларымен «Жастар және сайлау» тақырыбында кездесу ұйымдастырылып, өткізілді. Бұл жұмыстар биылғы жылы да өз жалғасын табатын болады. Өткен жылдың наурыз айында Меркі аудандық мәслихатының №15, желтоқсан айында №2 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша шығып қалған депутаттардың орнына сайлау, қазан айында республикалық референдум және 4 ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы (Кеңес, Рысқұлов, Меркі, Сұрат), өткізілгендігі баршаңызға белгілі. Аталған сайлаулар мен референдум Орталық сайлау комиссиясының үлгісімен жасалған күнтізбелік жоспарға сәйкес ұйымдастырылып, өткізілді. Өткізілген сайлаулар мен референдум кезінде Меркі аумақтық сайлау комиссиясының 30 отырысы өтіп, 12 шешім және 6 қаулы қабылданды. Республикалық референдум мен №2,15 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері және Кеңес, Рысқұлов, Меркі, Сұрат ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы бойынша өткізілген сайлаулар барысында 215 байқаушы сайлау процесінің ашықтық қағидатына сәйкес өтуін бақылады. Оның ішінде, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарынан – 80, БАҚ өкілдерінен – 2, саяси пар­тиялардан – 90, кандидаттардың сенім біл­дірген адамдарынан – 43 адам байқаушы міндетін атқарды. Жалпы орта есеппен алғанда әрбір сайлау учаскесіндегі жұмыстарға байқаушы функциясын атқару мақсатында 5 адамнан қатысты.

Өткен жылдың наурыз айында өткізілген №15 бірмандаттық сайлау округі бойынша шығып қалған Меркі аудандық мәслихаты депутатының сайлауын ұйымдастыру барысында тір­келген кандидаттар және олардың сенім білдірген адамдарымен 2 рет, желтоқсан айында өткізілген №2 ау­дандық бірмандаттық сайлау ок­ругтері бойынша шығып қалған Меркі аудандық мәслихаты депутатының сайлауын ұйымдастыру барысында тіркелген кандидаттар және олардың сенім білдірген адамдарымен 3 рет семинар-кеңес ұйымдастырылып, үгіт  жүргізу құқығы мен тәртібі, қор ашу және заңнама талаптары түсіндірілді. Сондай-ақ, жоғарыда аталған сайлауларды өткізу барысында кандидаттар мен сайлаушылар арасында өткізілген 5 кездесуге Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қатысты. Тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында жоғарыда аталған науқандарды ұйымдастыру мен өткізу кезеңінде аудан аумағында 66 билборд (баннер) қойылды, сондай-ақ, №2, 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері және Кеңес, Рысқұлов, Меркі, Сұрат ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы бойынша 16 үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған тақтайшалары орналастырылып, кан­ди­дат­тардың шарттық негізде сай­лаушылармен кездесуі үшін 15 үй-жайлар белгіленді. Үгіт-насихат материалдарын орналастыру кезінде заң бұзушылықтар орын алған жоқ және арыз-шағымдар түскен жоқ. Өткен жылғы республикалық референдумды және №2, 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері, Кеңес, Рысқұлов, Меркі, Сұрат ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы бойынша сайлауды өткізу кезеңінде дауыс берушілерді дауыс беру орны мен дауыс беру уақыты туралы хабардар етуге байланысты арнайы дайындалған және тиісті ақпараттар «QR» кодқа топтастырылған шақыру қағаздары дауыс беру құқығы бар әр азаматқа таратылып, шақыру қағаздарының таратылғандығы туралы күнделікті есеп жүргізіліп отырды. Шақыру қағаздарына «QR» кодты енгізу дауыс берушілерге сайлау кезінде кандидаттар туралы ақпараттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сайлаушылардың тиісті ақпараттарға қол жеткізуі мақсатында референдумды және шығып қалған депутаттардың орнына сайлауларды өткізу мен ұйымдастыруға байланысты ақпараттар газет беттерінде және аудан әкімдігінің сайты мен аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі парақшаларында уақтылы жарияланып тұрды. Газет беттеріне сайлау комиссия­ларының жұмысы бойынша 75 материал, Меркі ауданы әкімдігінің ресми сайтындағы «Сайлау» парақшасында 47 хабарлама және аумақтық сайлау комиссиясының әлеуметтік желідегі парақшасында 57 материал жарияланды. Сонымен қатар, сайлаушылардың жедел ақпарат алып отырулары үшін «Call-орталығы» жұмыс жасады. Келіп түскен өтініштерге дер кезінде, яғни, өтініш берілген күні жауаптар беріліп отырды. Референдумды өткізу кезінде «Аза­маттарға арналған үкімет» Мем­лекеттік Корпорациясы КЕАҚ қызмет­керлерімен тікелей байланыста бола­тын жауапты мамандар бекітіліп, дауыс беру күні учаскелік референдум комиссияларына тізімге енгізу туралы өтініштер түскен жоқ. Референдумды және №2,15 бір­мандаттық аумақтық сайлау округтері, Кеңес, Рысқұлов, Меркі, Сұрат ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы бойынша сайлауларды өткізу мен ұйымдастыру кезеңінде құзырлы органдарға өтініштер түскен жоқ.«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» (ҚР 1995 жылғы 28-қыр­күйектегі N2464 КЗ) заңының 33-бабының 2-2 тармағына сәйкес, сай­лауға, референдумға дайындық жә­не оны өткізу кезеңінде сайлауға, ре­ферендумға дайындыққа және оны өт­кізуге арналған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты сатып алу Орталық сайлау комиссиясы айқындаған тәртіппен жүзеге асырылды. Сайлау комиссиялары сайлауды, референдумды өткізу кезінде қажетті құрал-жабдықтармен және кеңсе тауар­ларымен толықтай қамтамасыз етілді. Сайлауларды, референдумды өткізу­ге қатысқан комиссия мүшелерінің ең­бекақылары толығымен төленді, еңбек­ақы бойынша қалыптасқан қарыздар болған жоқ.Жоғарыда аталған науқандарды өткізуге байланысты сақтауға жататын құжаттар Меркі аудандық мемлекеттік мұрағатқа тиісті мерзімдерде тап­сырылды. Учаскелердегі жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуы материалдық-техникалық жағдайға байланысты екені белгілі.

Осыған орай, учаскелердің мате­риалдық-техникалық жағдайын жақ­сарту мақсатында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және аудан әкімінің қолдауымен жергілікті атқарушы орган тарапынан 19 (8 тұрақты, 11 тасымалданатын) дана дауыс беруге арналған жәшік, мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға 41 дана лупа, 41 дана құлқаппен қамтамасыз етілді, 41 дана ақпараттық тақта алуға және 41 референдум учаскесінің атауы жазылған тақтайшалар жасатуға қаражат қарастырылып, учаскелерге тиісті жабдықтар алынып берілді. Референдумды ұйымдастыру барысында аудан бойынша дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 174 сайлаушы тіркелді. Олардың арасында: кресло-арбаларды пайдаланушылар – 72, зағип және нашар көретіндер – 65, саңырау және мылқау – 37. Аталған азаматтарға жағдай жасау мақсатында 41 сайлау учаскесінде пандустар, 41 учаскеде кіреберістегі тактильді көрсеткіштер, 41 учаскеге баратын жолда тактильді көрсеткіштер орнатылған. Азаматтардың тіркелген жерлері бойынша дауыс беру күні 1 учаскеге пандустар (қозғалмалы) орнатылды. 5 инвотакси және 3 сурдоаудармашы қызмет көрсетті. Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан 2024 жылға жоспарланған жұмыстар толық атқарылды, ал, 2025 жылы атқарылатын жұмыстар да жетерлік. Осыған орай, Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспары жасалып, міндеттері белгіленді. 2025 жылы өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты 3 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жоспарланып отыр (ақпан айында Тәтті а/о, шілде айында Ақарал а/о, қараша айында Жамбыл а/о.). Сайлау учаскелері орналасқан аумақтар бойынша сайлаушылар санына аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Сайлаушылардың саны 3000 сайлаушыдан асатын учас­келер жоқ. Аумақтық сайлау комис­сия­сының сайтынан АСК қызметін, сайлау процесіндегі, отырыстар мен шешімдердің, сайлау науқанының негізгі аспектілерін, сондай-ақ, сайлау науқанының кезеңдері инфографикасын, фото материалдарды, сайлау процесінің қатысушыларын ақпараттандыру сияқты мәліметтерді көруге болады. Сондай-ақ, әлеуметтік желідегі парақшаларда аза­маттардың сайлау құқықтарын халыққа уақтылы жеткізу үшін оларды іске асыруға қатысты инфографикалық материалдар жарияланып отырады.
Құрметті әріптестер!

Сайлау – халықтың билікке деген сенімінің және азаматтық қоғам деңгейінің көрсеткіші. Еліміздегі сайлау өткізу әдісі қоғам сұранысына сай бейімделіп келеді. Енді тек сайлаушылардың белсенділігін, сайлау мәдениетін арттыру бағытында жұмыстар атқаруымыз қажет. Елдің келешегі бізге, барлығымыздың қажырлы еңбегімізге байланысты, – деп Президентіміз айтқандай, халыққа қызмет ету жолында Меркі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бар күш-жігерін салып қызмет етеді деп сендіремін – деп қорытты.

Келесі сөз кезегін алған аудан әкімі аппараты басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуат Зетқұлов «Жер­гілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылы туралы» баяндама жасаса, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов пен аудан әкімінің орын­басары Мейірхан Өмірбек есеп беру кездесуін қорытындылап, сайлау жүйе­сіндегі жаңа реформалар, сайлаудың барынша ашықтығы мен жариялылығы, кандидаттардың сенім білдірген адам­дары мен саяси партиялардың байқау­шыларының құқықтары мен міндеттері, сонымен қатар, сайлау­шылардың тізім­дерін өзектендіру жұмыстары ая­сындағы өз ой-пікірлерімен бөлісіп, бірқатар сұрақ-сауалдарға тұщымды жауап берді.