Ораза айттың алғашқы күні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, еліміз бойынша «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бастау алды.
Осынау акцияға Меркі жұртшылығы да белсенділікпен атсалысты. Рухани жаңару мен тазалықтың мейрамында өткен ауқымды іс-шараға аудан әкімі Жорабек Баубеков пен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев бастаған мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысшылар және еріктілер қатысты.
Акция аясында алдымен тау шатқалындағы үңгірдің айналасы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды. Табиғат ананы аялауға арналған акция барысында тау шатқалы аумағынан 100 қаптан аса қоқыс шығарылды.
Аудан әкімі тау шатқалындағы үңгір өлкеміздің табиғи ерекшелігі екенін атап өтіп, оның айналасын абаттандыру бойынша жоба дайындауды округ әкімі Ғазиз Байарыстанға тапсырды.
Осы күні, аталған акция аясында Жамбыл ауылдық округінің аумағында орналасқан Сыпатай батыр бабамыз ескерткішінің айналасы абаттандырылды.
Ескерткіш айналасындағы гүлзар тазаланып, 50 түп раушан гүлі отырғызылды.
Жорабек Нұрмергенұлы ескерткіш айналасы мен ауданның кіреберісі саналатын Жамбыл ауылдық округінің гүлзарларын абаттандыру бойынша округ әкімі Ербол Байболсыновқа бірқатар тапсырмалар берді.
Жамбыл ауылдық округінің гүлзарларына жалпы 300 түп раушан гүлі отырғызылды.