Қош келдің жаңа жыл! немесе балаларды оңалту орталығындағы мейірім мен қуанышқа толы мерекелік іс-шара туралы
Иә, күні бүгін есік қаға келетін жаңа жыл алдымыздан күтетін үкілі үміт пен асқақ армандар астарласқан һәм бәріміздің ерекше күтетін таңғажайып сәтіміз.
Ол, әсіресе, балалардың асыға күтетін, қуаныш пен ертегі әлеміне аяқ басуға ұйытқы болатын басты мерекедей әсер қалдырғанына да қаншама онжылдықтар өтті.
Осы орайда, білікті басшы Рақаева Клара Балтабайқызы жетекшілік жасайтын Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, балаларға шынайы шаттық пен риясыз күлкі сыйлады.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі өркендеуі жолындағы қарбалас тірлігі мол болғанымен, уақыт бөліп, осынау мүмкіндігі шектеулі балалардың қуанышын арнайы түрде бөлісуге келген аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлының қатысуы да мерекеге өзіндік реңк берді. Ол үшін орталықтың ұжымы, әсіресе, көңілдерінің түбінде қаяу жатқан ата-аналардың ерекше қуанышы мен ілтипатын көріп-естудің өзі ғанибет еді!
Өз кезегінде, Ербол Жұмабекұлы балаларды Жаңа – Жылқы жылымен құттықтап, сыйлықтарын табыстады.
Осында келген «Амаnат» партиясы Меркі аудандық филилалының төрағасы Шағатаева Күлайым Жексенбіқызы, белгілі кәсіпкер, аудандық маслихаттың депутаты Қалысбаев Ерғали Бадамбайұлы, кәсіпкер, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Әубәкірова Әлия Наметқазықызы да жүрек түбінен шыққан құттықтау сөздерін айтып, балаларға деген сый-сияпаттарын табыстап өтті.
Осылайша, көркем кеш көпшілік білетін ертегі кейіпкерлерінің ортаға шығып, мерекелік көңіл-күй сыйлауымен жалғасын тапты. Аяз ата мен Ақшақар балаларды жаңа жылмен құттықтап, қызықты ойындар мен көңілді сайыстар ұйымдастырды. Ал, алыстан ат арылтып жеткен қыс Ханшайымы балаларға деген ерекше бағдарламаларын ұсынып, мереке көркін арттыра білді. Балалар да қалыс қалмай, тақпақ айтып, ән салып, би билеп, өз өнерлерін барынша ортаға салды.
Мерекенің соңында Аяз ата барлық балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, жылы лебізін білдірді. Балалардың жүзінде бірден байқалатын шаттық пен қуаныш бұл іс-шараның маңыздылығын айқын көрсете алды.
Айтып өтерлігі, мерекелік іс-шара балаларға ұмытылмас әсер сыйлап, жаңа жылды сеніммен, қуанышпен қарсы алуға мүмкіндік берді. Мұндай игі шаралар балалардың жүрегіне жылу беріп, оларға деген мейірім мен қамқорлықтың маңызын арттыра түседі.