Соңғы қоңырау – әрбір түлектің өміріндегі ең маңызды оқиға. Бұл жас түлектің тәуелсіз ересек өмірге қадам басқанын айқындайтын ерекше күн.
Осы орайда, аудан мектептерінде салтанатты жиын өтіп, соңғы қоңырау соғылды. Осындай соңғы қоңырау кештерінің бірі №20 Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде «Мектебім, саған мың алғыс» тақырыбында өтті.
Жиынға аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы, Ойтал ауылдық округінің әкімі Арман Рахимбеков, ақсақалдар алқасының төрағасы Әшір Алмабайұлы және ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзін мектеп директоры Нұрдәулет Мырзаханов бастаған соң, аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы мектеп ұстаздарын, оқушыларды және ата-аналарды мерекелерімен құттықтап, бітіруші түлектерге сәт-сапар тіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімі және аудандық білім бөлімінің басшысы 2023-2024 оқу жылында жетістікке жеткен бір топ шәкіттер мен ұстаздарды арнайы кубок, диплом, сертификаттармен марапаттады.
Жас түлектер мектеп ұжымына және оқушыларға ақ тілектерін жеткізіп, келесі жылғы түлектерге білім кілті мен аманаттарын тапсырды.
Соңғы қоңырау кешінде аталған білім ордасын 20 жыл бұрын бітірген түлектер ұстаздарына және оқушыларға ізгі тілектерін білдіріп, сыйлықтарын табыстады.
Мектеп түлектері «Қош бол, мектебім!» әнін орындап, мектеп вальсін билеген соң, соңғы қоңырау соғылды.
Жиын соңында, Алаштың қайсар ұлы Тұрар Рысқұловқа арналған мектептің 20 жылдық түлектерінің атынан Ұлы тұлғаны құрметтеу мақсатында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.