Қоршаған ортаны қорғау – маңызды

0 21

Оқушылардың табиғат туралы білімдерін кеңейту мақсатында №9 Мұхтар Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектеп лицейінде 2022 жылы «Жомарт жүрек» жобасы аясында «Жылыжай» салынған болатын.  

Экологиялық үйірме мүшелері, сонымен қатар, мектеп оқушылары биология және еңбек сабақтарында «Жылыжайды» практикалық алаң ретінде қолданып, сабақтан тыс уақыттарда құлпынай, қияр, базилик және тағы басқа көкөніс дақылдарын отырғызып, олардың өсу жолындағы әдіс-тәсілдерін үйреніп, зерттейді.

Қазіргі уақытта бәрімізді қатты алаңдататын жағдайлардың бірі – табиғатымыздың ластануы. Осы мәселенің кішкентай бөлігін шешу мақсатында мектеп оқушылары қоқыстарды қайта өңдеп, қалдықтар санын азайту экспериментін жасауда. «Жасыл мектеп» жобасы аясында бастауыш және 8-сынып оқушылары бөтелке қақпағынан қоқыс жәшігін, жұмыртқа салатын қалыптан орындық, бөтелкеден диван жасап, қолданысқа беруде.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 2023-2024 оқу жылындағы іс-шаралар жоспарына сәйкес мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру мақсатында 2024 жылы 5-8 сынып оқушылары арасында «Proeco» экологиялық жобалар конкурсы өткізілді.  Жоба 4 бағыт бойынша өтті.

Экологиялық жоба аясында «Таза қала сізден басталады» бағыты бойынша мектеп намысын қорғап 8-сынып оқушысы Жеңісхан Жалғас қатысып, 1-орынды иеленді. Жетекшісі Базарбай Ғалымжан.

Жалғас пластикалық бөтелкеден сыпырғыш жасау өнерімен үздік атанды. Алдымен бөтелкенің асты жағын қырқып алып, қолған бөлігін арнайы бөтелке кескішпен 1,5-2 см дейін ұзындау етіп кеседі. Содан соң өзіне қажетті ұзындықта кесіп алып, дайын болған шыбықтарды бір-біріне біріктіреді.

Аталған жобаға  «Туған өлке табиғаты» бағыты бойынша 8-сынып оқушысы Қарсақбай Ардақ қатысып, 3-орынды иеленді. Жетекшісі Клышбаева Махаббат.

Жобаға Меркі ауданының 3D форматындағы электронды картасын ұсынды. Меркі ауданының «Мерке Радон» шипажайы, тау үңгірі, «Сыпатай батыр» кесенесі, «Ақниет» шипажайы, «Тұран» демалыс орталығы сынды көрікті жерлеріне вертуалдық саяхат ұйымдастыру мақсатында ойлап тапқан.

Мектеп директоры және тәлімгерлері оқушыларды болашақта маман болуға дайындау және мектеп жағдайында еңбекке баулу, үйренген дүниелерін практикада қолдана біліп, табиғатты аялауға, таза ұстауға үйрету мақсатында жаңаша дүниелер ойлап табуына жәрдемдесе отырып, көптеген экологиялық жобаларға қатысып, ауданымызды барша қазақ халқына танытуда. Тек жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.