28-шілде күні Меркі аудандық Мәдениет үйінің конференц залында ерекше бір рухани мазмұнға толы шара өтті. «Қолөнер – зор өнер» атты тоқымашылар көрме-байқауының басты мақсаты – халқымыздың ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнерін дәріптеу, тоқыма өнерінің қыр-сырын жастарға ұғындыру және осы саланың шебер иелеріне құрмет көрсету болды. Көрме-байқау аудандық аналар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылды.
«Шебердің қолы алтын» дейді дана халқымыз. Бұл сөздің шынайылығын Меркі ауданының ауылдық округтерінен келген 5 шебер ана дәлелдеп берді. Әрқайсысы өз қолымен тоқыған бұйымдарын көздің жауын алар көрме ретінде зал төріне жайып салды. Бұйымдардағы әсемдік, түс үйлесімділігі, өрнек нақыштарының нәзіктігі – ұлттық рух пен нәзік талғамның көрінісі іспетті болды.
Байқау төрт кезең бойынша өтті: қатысушы аналар портфолио арқылы өздерін таныстырып, бұйымдарының эстетикалық тұрғыдан орналасуын ұсынды, бір бұйымды тарту етіп, соңында барша көрерменнің көз алдында қарапайым әдіспен тоқу шеберлігін паш етті. Әділқазылар алқасы қатысушылардың шеберлігін жан-жақты бағалап, шынайы шешімін ұсынды.
Іс-шараны аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова жүргізіп, шараға ерекше шырай берді. Алғашқы сөз кезегін алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова қатысушыларға сәттілік тілеп, осындай өнерді бағалай білудің маңызын атап өтті. Қорытынды сөзбен аудандық билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков марапаттау рәсімін өткізіп, аудандық ардагерлер кеңесінің «Алғыс хаттарын» табыстады.
Нәтижесінде, Сұрат ауылдық округінен келген Гүлмира Асқар 1-орынды жеңіп алса, Жамбыл округінен келген Шынар Сметова 2-орынға, Сарымолдаев округінен келген Ақбөпе Жазықбаева 3-орынға ие болды. Сонымен қатар, арнайы номинацияларға лайық деп танылған Жұлдыз Жұманова (Меркі а/о) мен Гүлжан Тергеусова (Жамбыл а/о) да бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ұйымдастырушылар қатысушы аналардың округтік аналар кеңесі төрайымдары мен әділқазы алқасына да естелік сыйлықтар табыстап, аналар қауымына құрмет көрсетті.
Шараның көркемдік бөлігі де көрерменнің көңілінен шықты. Аналар арасында ән мен биден шашу шашылып, Оңланкүл Мақашова орындаған «Айналайын» әніне көпшілік ортаға шығып би биледі. Ал, ақын Шырын Мамасерікованың танымал «Шын дос болсаң» әнін жиналғандар хормен орындап, ерекше көңіл-күй сыйлады.
«Береке» әжелер тобы жүргізген ән жарысы, төрайымдардың өнер мен еңбекке қатысты мақал-мәтелдермен өздерін таныстыруы, кештің мазмұнын байытып, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды дәріптеді.
Шебер аналар көңілді де әсерлі кештен көтеріңкі көңіл-күймен тарасып, әсем естеліктер мен суреттерге толы сәттерді жүрек түкпірінде сақтап қалды.