Қазақ сазының сайыпқыраны

0 38

Бүкіләлемдік өнерсүйер қауым алдында заңғар таудай биік болса, иісі қазақ үшін ұлтымыздың ұлылығын танытып, сол тұрғыда шоқтығы жоғары тұратын белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтуде.

Осы ретте, өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде, аталған қарашаңырақ және аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өнер иесі – Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай, «Қазақ сазының сайыпқыраны – Нұрғиса Тілендиев» атты сазгер тұлғаның шығармашылығына арналған кеш болып өтті.

Алдымен, Нұрғиса Тілендиевтің өнерін тәу ететін көрермендердің назарына атақты сазгердің өмір­намасынан сыр шертетін бейнебаян ұсынылды.
Келесі кезекте, сахна төріне шыққан жүргізуші:

– Қазақ музыкасының жарқын тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойының осындай кең форматта өтуі кездейсоқ емес. Саз саласының сардары Н.Тілендиевтің ғасырлық тойы ЮНЕСКО-ның 42-ші бас Конференциясының шешімімен мерекелік іс-шаралар күнтізбесіне еніп, әлемдік деңгейде аталып өтуде. Жақында Түрік елінің астанасында Түрікойл халықаралық бас хатшылығында Н.Тілендиевтің 100 жылдығына арналған үлкен іс-шара ұйымдастырылған болатын. Иә, Нұрағамыздың қазақ өнеріне қосқан үлесі шексіз. Ол 500-ден астам туындының авторы. 40-тан астам пьессаға, сонымен қатар, 20-дан астам фильмге, 17 мультфильмге, 14 деректі фильмге арнап музыка жазып, қазақ сахнасы мен экран өнерінің классигіне айналған тұлға. Мысалы, Нұрғиса Тілендиевтің 1980 жылдары жазылған «Ата толғауы» қазақ музыка өнеріндегі аса көрнекті туындылардың бірі. Бұл шығарма – халықтың рухы мен болмысын терең сезінетін күй мен симфониялық элементтердің синтезі арқылы жазылған терең философиялық дүние. Онда халықтың өткені, ұлт рухы, ата-баба аманаты, тарихи жады мен елдің тағдырына деген алаң көңіл жатыр. Нұраға бұл күй-толғауды ата-бабалар рухына арнаған, яғни, ол – халқымыздың арғы-бергі тарихына музыкалық формадағы жауап – деген соң, «Меркі әуендері» ұлт-аспаптар ансамблі атақты «Ата толғауы» күйін орындап берді.

Одан кейін сахна төрінде әнші Сағыныш Аязбаева жерлесіміз, 100-ге жуық ән мен күйдің авторы Шәбден Омаралиевтің Нұрғиса Тілендиевтің сазгерлік шеберлігі мен рухани биіктігін дәріптейтін «Сазгерлердің пайғамбары – Нұраға» әнін орындаса, домбыра оркестрі Нұрғиса ағамыздың «Бауырлаштарым» күйін шертті.

Айта кетсек, аталмыш күй Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ жауынгерлеріне, майдан даласында мерт болған және туған жерге оралған ерлер рухына арналған. Тілендиевтің әкесі майданда қаза тапқан. Сондықтан, Нұрекең бұл қайғыны терең түсініп, оны күй ішіне енгізген сазгер.

Міне, сахнадан орын алған «Ұлытау» тобы Нұрғиса ағамыздың әр қазақ баласы жатқа білетін «Алатау» әнін тамаша орындаса, жерлес жезтаңдай әншіміз Досымбек Андабаев «Жүрегім менің», ал, «Балапандарым» күйін жеке сазсырнайда Мөлдір Стамбек орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Меркі әуендері» ансамблі «Темірбектің төкпесі» күйін құйқылжыта орындады. Темірбек – композиторға таныс адамның есімі болуы кәдік. Себебі, мұндай атауларға ие тұлға, көбінесе, сазгердің жақын танысы, өнердегі әріптесі немесе ерекше әсер қалдырған адамы болып келеді.
Қылқобыздың тілін меңгерген Айша Бердімұратова «Нұрғиса – аңыз құс» күйін жақсы орындап берді. Бұл күйдің атауына мән берсек, аталған күйді сазгер жеке өзіне, яғни, өнер жолында аңызға айналған бейнесіне арнаған болуы бек мүмкін.

Нұрекеңнің «Куә бол» әнін білмейтін қазақ жоқтың қасында. Ол әнді атақты сазгер өзінің жұбайы Дариға Тілендиеваға деген сүйіспеншілікпен арнап жазғанын да білеміз. Бұл әнді Қали Махмұт пен Мадина Оспаналиева орындап, ел алғысына бөленсе, «Сарын» күйін Сымбат Ережеп қобызда орындады.

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына Қ.Жандарбеков атындағы балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі де өзіндік үлестерін қосты десек орынды. Бүгін олар сазгер аталарының күйлерінен попурри орындады. Ал, сазгердің қазақ музыкасының алтын қорына енген «Құстар қайтып барады» әнін сазгер атасының аттасы – Нұрғиса Ратаев тамаша шырқап, үлкен әсер қалдырды.
Кештің келесі бөлігінде сазгер Нұрғиса Тілендиевтің қазақ халқының тарихи тағдыры мен көшпелі өмір салтын музыкалық тілмен суреттейтін көркем шығарма – «Көш керуен» және азаттық жолындағы күрескер рухын, елдік пен ерліктің символына айналған Махамбет Өтемісұлының тұлғасын саз тілімен сомдаған «Махамбет» күйі орындалды.

Көпшілікке ой салып, Ұлы сазгердің рухына бас иген көрермені көп кештің соңы халықтың жүрегінен орын алып, ұлттық рухымызды оятатын шығарманың бірегейі – «Өз елім» әні Нұрғиса Ратаевтың орындауында соңына шықты.

Иә, Нұрғиса Атабайұлы өз шығар­маларын ұлттық әуендермен және заманауи мелодиялармен ұштастыра білді. Ол қазақ өнерінде сазгер, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған тұлға.