Қарғын су қарекетсіздікті қаламайды немесе ел бірлігі осындайда білінсе керек

0 18

Қандай да болмасын, табиғи апат айтып келмейді. Ол табан асты тарпа бас салатын қатігездікке ие. Биылғы қалың жауған қар күн жылымығын сезіне еріп, сай-саланы қызыл суға толтырса, еліміздің бірқатар аймағын, оның ішінде, батыс өңіріндегі елді ме­кендерді топан судың құрсауына алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдай бойынша шұғыл кеңес өткізіп, артынша қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеу жариялағанынан да хабардармыз.

Қиын кезеңде жедел түрде топтасып, тал қар­мағанға көмек қолын бірден созатын халқымыз бұл жолы да жұдырықтай жұмылып, апатқа қарсы күресін іле-шала бастап кетті.

Осы ретте, біздің ауданымыздың жұртшылығы қарғын су басқан өңірлерге өзіндік көмегін іс жүзінде білдіру мақсатында орталық алаңға ағылып, қолдан келер көмектері – бірінші кезекте керек азық-түлік пен киім-кешек түрлері, дәрі-дәрмек, гигиеналық-санитарлық заттар және ақшалай қаржыларын ортақ қорға жинастырды.

Бұл сауабы зор істен Байсейіт Жылысбаев басқаратын аудандық ардагерлер кеңесі, Медербек Өзбековтың жетекшілігіндегі аудандық Билер кеңесі, Ержан Шолпанқұлов басқаратын Ауған соғысы ардагерлері, ауданымыздың кәсіпкерлері, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Меркі ауданы бойынша ұйымы, «Береке» әжелер тобы, Меркі ауылдық округі Аналар кеңесі мүшелері де сырт қалмай, өзгелерге үлгі бола білді.

Міне, бауырлас өңірдегі жапа шегушілердің қиын кезеңіне бей-жай қарамай, алыс сапарға аттануға ниет білдірген Жамбыл ауылының азаматы, әзірбайжан ұлтының оғланы Асиф Юсуповтың меншігіндегі ауыр жүк көлігі санаулы күнде, жалпы, 20 тонна азық-түлік пен жоғарыда аталған басқа да заттарға лық толды. Сонымен қатар, меркіліктер тарапынан 3,5 млн. теңге қаржы жиналды.
Ал, аталған заттарды уақытпен санаспай көлікке тиеуде Айдын Жармаханбет, Сабыр Дәркенбаев, Ануар Юсупов және т.б. сынды сайдың тасындай қагілез мер­кілік азаматтарды көре алдық.
Меркіліктердің бауырларға аманаттаған гумани­тарлық көмек жүгі аудандық мәслихаттың депутаты Ерлан Қалысбаевтың бас болуымен су басқан Қостанай өңіріне уақыт кешіктірмей, мерзімі – ораза, күні – жұма, күн мезгілі – Қадыр түнінде кештетіп, жолға шығып кетті.

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА…

Гуманитарлық көмек жүгі табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай өңіріне жетті. Аудандық мәслихаттың депутаты Ерлан Қалысбаев жергілікті билік өкілдері және еріктілермен бірлесіп, көмекке зәру отандастарымызға меркіліктердің аманатын үлестіру үстінде.