Бақ пен дәулет, сонымен қатар, қызмет һәм билік дегеніміз – өткінші жаңбырға көбірек ұқсап, күн мен түннің аралығына дөп келетін (шындығында солай) уақытша кезең. Бұл тұста «таң атпаймын десе де, күн қоймайды» деген тәмсіл тағы бар…
Иә, ұртың толып, мұртың майлануға қол жеткен азды-көпті ғұмырыңдағы байлық – бір Жаратушының құзырында тұрған, көзді ашып-жұмар өмірдегі әп-сәттік сынақ құбылыс. Ата-бабамыз ұстанған шариғат жолындағы пәлсапа емес, шынайы тұжырымға келсек, бұл жалған өмірдегі пенде өзінің жомарттық пен сараңдық таразысындағы өлшемімен ғана хақ өмірге жолдама алмақ. Бұл талқыға түспес – ақиқат.
Осы ретте, «Сыпатай батыр» ЖШС-нің директоры Қанат Шайхиевтің Атымтай жомарттыққа сай келетін жанды тірліктері – серіктестік еңбеккерлеріне деген жанашырлығы мен көмегі, аудан көлеміндегі түрлі демеушіліктері, тіпті, көпшілікке ұмыт бола бастаған шүлен тарату дәстүрін жаңғыртуы, әрине, ел есінен шықпас жақсылықтар қатарында тұр.
Міне, жуырда ғана 18 адамнан тұратын бір топ ардагерлердің өз ағамыз – өзбектің жеріне, Тәшкен шаһарына саяхаттап қайтуына да осы Қанат ағамыздың демеушілік әрекеті мұрындық болды.
Қакең жалдаған көлік ардагерлерді «Қапланбек» шекара пунктіне жеткізген соң, көпшілікті алдын-ала келісім бойынша қарсы алған өзбек ағайындар жол бастады.
Арнайы бөлінген жолбасшы (гид) маман Ташкент қаласына дейінгі әсем де көрікті жерлермен кең таныстырып, сұрақ-сауалдарға да жауап беріп отырды. Ал, ел астанасы – Ташкент қаласы өзінің көрікті әрі тазалығымен көпті таңғалдырып, өзбек халқының бауырмалдығы мен мейіріміне тәнті болған ардагерлер көне шаһардағы телемұнара ғимараты мен музыкалық субұрқақтың сұлулығын тамашалады.
Иә, қазақтың маңдайына біткен басты тұлға – Төле бидің кесенесі де меркілік ардагерлердің тәу етер орны болды. Мұнда бабамыздың рухына бағыштап құран оқылған соң, садақа берген ардагерлер алты Алаштың ардақ тұтар данасы туралы тарихи естеліктерімен бөлісіп, елдік мүддені алдыға қойған атамыздың әруағы қолдауын сұрады.
Келесі күні Өзбекстан Президентінің резиденциясы ғимаратымен танысып, қала төріндегі Тәуелсіздік алаңын тамашалаған соң, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған Мәңгілік алауда болып, бір кезеңде ортақ Отанымыз үшін жанын пида еткен боздақтарды еске алу рәсімі жасалды.
Әмір Темірге қойылған өте биік әрі көркем архитектуралы ескерткіш те ел есінде қаларлық екен. Аталған тарихи тұлғаның екі қабатты мұражайында болған ардагерлер иісі мұсылман үшін ардақты саналатын бабамыз турасында көптеген ақпараттарға қанық болып, таныстырушыларға алғыс айтты.
Әрине, ала шапан өзбек ағайындардың жеріне табан тіреген соң, атақты Тәшкен базарына бас сұқпау да мүмкін емес. Меркілік ардагерлер көрші елді өзгеден ерек көрсететін бұл кереметтің де куәгері болды. Мұндағы кәсіп иелерінің өзіне тән мәдениетін сезінген олар оған қызығушылық танытқандары да жасырын емес-ті.
Міне, осылайша көрші елге екі күндік саяхаттан мол әсер алған ардагерлеріміз оның демеушісі Қанат Шайхиевке деген үлкен алғыстарын айтып, рухани күштің серпінімен ауданымызға оралды.