Орман өрті мен қауіпсіздік – күн тәртібіндегі басты мәселе

0 14

Меркі ауданы әкімдігінде өткен ке­зекті аппарат кеңесінде өңір тұрғын­дарының өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Кеңеске аудан әкімі Ербол Жиенқұлов төрағалық етті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округтердің әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты.

Аудан басшысы Ербол Жиенқұлов оты­рысты ашу барысында күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына ерекше тоқталып, әр сала бойынша нақты нәтижелер күтетінін атап өтті. Әсіресе, жаз маусымындағы қауіп-қатерге қарсы дайындық пен тұрғындардың қауіп­сіздігіне қатысты мәселелерге жіті назар аударуды тапсырды.

Бірінші болып сөз алған «Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің» басшысы Самат Токушбеков атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орман алқаптарын заңсыз кесу мен браконьерлік әрекеттердің алдын алу бағытында бірқатар рейдтік шаралар жүзеге асырылған. Сонымен қатар, табиғи байлықтарды тиімді пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау, орманды молайту, көшет отырғызу секілді маңызды экологиялық бастамалар кезең-кезеңімен қолға алынған.

Самат Базарбекұлы жазғы өрт қаупі кезеңіне дайындық барысын да егжей-тегжейлі баяндады. Атап айтқанда, өрт сөндіру бекеттерінің техникалық дайындығы, жеке құрамның кәсіби даярлығы, өрт қауіпсіздігі бойынша тұрғындармен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары – барлығы жүйелі түрде ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.

Кеңесте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Рамиль Курбанов та баяндама жасады. Ол қазіргі ахуалды саралай отырып, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Су тасқыны, өрт, жер сілкінісі сынды табиғи апаттарға қарсы ауданда жоспарлы түрде жаттығулар мен дайындық шаралары жүргізілуде. Қауіпсіздік ережелерін насихаттау, тұрғындарды эвакуациялау бойынша оқу-жаттығулар өткізу – бұл жұмыстар күн тәртібінен түспей келеді.

Сонымен қатар, бөлім басшысы ауданның материалдық-техникалық база­сын же­тіл­діру, арнайы техникаларды жаңар­ту және кадрлық әлеуетті күшейту мәселелеріне де назар аударды. Апат кезінде әрекет ету – тек шұғыл қызметтердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов баяндама жасаған сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, барлық жауапты мекемелердің жұмысы өзара үйлесімді болуы тиіс екенін баса айтты. Орман өртінің алдын алу, табиғи апаттар кезінде жедел әрі нақты әрекет ету, тұрғындармен байланыс орнатып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту – бүгінгі күннің басты талабы.

«Апат айтып келмейді. Бірақ, біз дайын болуымыз керек. Бұл – жай ескерту емес, бұл – нақты міндет», – деді аудан басшысы қорытынды сөзінде.