Өлеңге айналған өмір

0 21

Жақында Меркі аудандық орталық кітапханасында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Бөкейқызы Мамасерікованың 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті.

«Өлеңі – өмірі» атты жыр мүшәйрасы аясында өткен бұл шара – қаламын қару еткен қайраткер ақынның рухына тағзым, сөзіне құрмет болды. Әдеби кешке аудан аумағынан жиналған жалынды жеті жас ақын қатысып, өлең арқылы өз өрістерін танытты.

Мүшәйра үш бөлімге бөлініп, әр кезең ақын шығар­машылығының белгілі бір тақырыптық арнасына арналды. Алғашқы «Жүрегі жырдан жаралған» кезеңінде қатысушылар туған ел, туған жер мен Меркі топырағынан шыққан тарихи тұлғаларға арналған жырларды оқыса, «Қасыңда жүр жақсы адам» атты екінші кезеңде арнау өлеңдер ұсынылды. Соңғы бөлім «Бала – ананың жан жүрегі» деп аталып, лирикалық тақырыптағы нәзік иірімдерге толы шығармалармен көрермен жүрегін тербеді.

Сондай-ақ, ақынның марқұм айтыскер, Меркі мақтанышы Өмірбек Қабыловқа арнаған «Жарқылдаған жан аға!» атты өлеңі кештің ерекше әсерге толы сәтіне айналды. Бұл туындыны кітапхана жанындағы белсенді оқырмандар – Е.Төлеу, Ә.Отарбаева және К.Қанатбекқызы жүрекпен оқып, көрермен ықыласына бөленді. Айтыскердің қызы Әшіркүл Өмірбекова қатысушылар мен кітапхана ұжымына алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.

Қазылар шешімімен жүлделі орындар да өз иелерін тапты. Бас жүлде – Есенәлі Мединаға, І орын – Солтанаева Бұлбұлға, ІІ орын – Сәрсенбай Білімжан мен Серік Санжарға, ІІІ орын – Ернар Мадина, Құрманби Жанайым және Нұржан Томириске берілді.

Шырын Бөкейқызының өмір жолы мен шығармашылығы – жас ұрпаққа өнеге. Бұл мүшәйра – поэзияны сүйетін жүректерді табыстырған ғана емес, ел мен жерге, анаға, азаматқа арналған өлеңдер арқылы өшпес рух пен ұлттық болмысты жаңғыртқан тағылымды кешке айналды.