ОБЫР АУРУЫ – БАСТЫ ҚАТЕР немесе ғасыр дертін қарап-тексеру қағидалары мен оның көлемі және кезеңділігі туралы
Соңғы жылдары жер бетін кеңінен жайлап, негізгі құндылық – адам өмірінің ұзақтық өлшемін белгілеуді өзінің «еншісіне» алуға тырысып баққан дерт – обыр немесе онкологиялық аурушаңдық туралы жалпақ жұрт жақсы біледі. Тіпті, біздер кенет келетін тажалдың атын да атамай, оған «жаман ауру» деп айдар таққанымыз да кездейсоқтық емес.
Міне, осы кеселдің ел ішінде кеңінен таралуының алдын алу және оны ауыздықтау жолы мен оған қатысты басты жайттардың шешімін табу мәселесі өткен бейсенбі күні аудандық орталық аурухананың базасында өткен кеңейтілген жиын барысында талқыға түсті.
Аудан әкімі Өмірбек Мейірхан Азатұлының ұйымдастырып, төрағалық жасауымен өткен жиынға аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Дәулетов Смағұл Серкебайұлы, бас дәрігердің сапаны бақылау бойынша орынбасары Мухаева Анель Құрманғазықызы, алдын алу бөлімінің меңгерушісі Райымқұлова Салтанат Ертуғанқызы, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) дәрігері Мұқаш Айнұр Нұрғазықызы, аудандық гинеколог Тәжібаева Жібек Есенқұлқызы, сонымен қатар бейінді мамандар мен аймақтық дәрігерлер қатысты.
«Онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау мақсатында жүргізілетін скринингтік тексерулер қызметі» тақырыбында өткен жиынды ашқан Мейірхан Азатұлы өзінің айға жуық уақыт ішіндегі зерделеуінің нәтижесі – ауданымызда обыр ауруының кең етек жаю көрсеткіші дабыл қағарлық жағдайда екенін айтып, одан туындайтын мәселе – обырдың алдын алу немесе оның ерте сатысында анықтап, ем тағайындау жайы бойынша жанды жұмыстың жеткіліксіз екені байқалатынын нықтап айтты.
Көп жағдайда обыр аурушаңдығы борандатып алыстан айқайламай, жақын жердегі қыр астынан аяң жүріспен үнсіз жететіндігін жатық тілмен жеткізген Мейірхан Азатұлы оның көп жағдайда, негізінен, скринингтік тексерулер барысында анықталатынына, сондықтан, халықты бұл дерт бойынша ақпараттандыру мәселесіне ашық көзбен қарау керектігіне тоқталған соң, дәрігер-онколог Асхат Дауылбаевқа сөз кезегін ұсынды.
Асхат Қанатұлының ақпары, өкінішке орай, көңілді хош ете алмасы анық. Нақты цифрларға сүйенсек, обыр ауруы бойынша ауданымызда 2021 жылы 510 адам тіркелсе, оның 48-і қайтыс болған. Ал 2022 жылы 523 адам тіркеуде болса, оның 36-сы асқынған дерттің құрбаны қатарында, өткен 2023 жылы обыр аурушаңдығы өңірімізде үдей түсіп, ол 530 адамды қамтыған, 40 адам кеселден айықпады…
Осы тұста, аудан тұрғындарына үн парақ арқылы жанұшыра жеткізгіміз келетін жайт – адамның басты байлығы – денсаулық болғанымен, оған немқұрайлы қарайтын жандар арамызда көп-ақ. Жоғарыда айтылғандай, обыр анадайдан дыбыс шығара есік қағып келмейді. Оның аяусыздығы сол, көп жағдайда обыр белгілері білінбейді, алайда, ол тәнімізге батпандап кіреді. Шығуы қиын. Сол себепті, скринингтік тексеру туралы хабарлама алған жағдайда, бірден тексерістен өтуге асыққан жөн. Осы ретте, көптің айтар уәжі бар, ол – «жұмыс орны сұранғанды «жақтырмайды» дегенге саяды. Ал ашық жазылған заң аясы скринингтік тексеріске жататын тұлға жағында, яғни, кез келген мекеме басшысы қызметкердің құқығына бұғау сала алмайды. Сонымен қатар өзін жайсыз сезініп жүрген азаматтар кезекті скринингті күтпей-ақ, атбасын ауруханаға тірегені де абзал. Скринингтік тексеру жұмыстары кезіндегі туындайтын мәселелерге келсек, ол тұрғындардың медициналық сақтандырылуы болмауы есебінен, ауру анықталған жағдайда тереңдетілген тексерулерден өте алмауы мен тіркелген, алайда мекенжайы бойынша тұрмайтын тұрғындардың өту кезеңділігін сақтамауымен байланысты екенін де айтып өтпекпіз.
Біздің ауданда УЗИ қондырғыларында жұмыс жасай алатын білікті маманның жүктемесі өте көп, иә, маман тапшылығы бар. Бұл жағдай кезек күтушілердің санын арттырып, уақыт шығынын жасайды. Ал, обыр кеселі уақытқа бағынбайды, яғни, тексеріс күткен әр күн, әр ай аталған аурудың өрши түсуіне жол ашатыны анық. Ол – адам өмірі. Осы ретте, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек сырт жақтан маман іздестіру немесе ыңғайы бар медицина қызметкерін осы кәсіпті игеру мақсатында бюджет есебінен оқыту мәселесін көтерді.
Айтпағымыз, ең алдымен, әр адам сан соғып, кеш қалмауы мақсатында өзінің денсаулығына жауапты болғаны жөн. Ал емдеу орындары ерте сатыда анықталған обыр белгілері бойынша кәсібилік танытып, қызметтік міндеттерін уақытылы әрі сапалы орындауы керек.
Аталған жиын барысында алдын алу бөлімінің меңгерушісі Салтанат Райымқұлова скринингке жататын – сүт безі, тоқ және тік ішек, жатыр мойны мен қуықасты безі обыры бойынша тексерістің жас ерекшелігі мен өту кезеңдері туралы айтты.
Оның ішінде, сүт безін тексеру кезеңінде өзгерістерімен анықталған әйелдер саны – 875 болса, жатыр мойны обырына тексеруде 133 адам анықталған, тоқ ішек және тік ішек обырына тексеруде анықталғаны 41 болса, қуықасты безі обыры 40 адамда оң нәтиже көрсеткен.
Бүгінгі қозғалған салаға жауап беретін әр маман мен дәрігерлердің пікір мен ұсыныстарын тыңдай келе аудандағы ахуалды зерделеуден өткізіп, басты міндет – обыр аурушаңдығын тізгіндеу екенін айтқан Мейірхан Азатұлы ел арасында скринингтен өту бойынша үгіт-насихат пен түсіндіру жұмыстарын барынша күшейту турасында тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, әр іс өзінің жеке қадағалауында болатынын жеткізді.