Наурызнама онкүндігі қалай өтуде?

0 30

Қазақ халқы бұл мерекені «Ақ түйенің қарны жарылған күн», «Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын», – деп ерекше мән беріп мерекелейді. Сондықтан, Наурызды өз деңгейінде атап өту – бұл мерекенің мән-маңызын аша түседі. Сондай-ақ, халқымыздың ұлттық құндылықтарының қадір-қасиетін көрсетіп, дәстүрімізді дәріптеу болып табылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл Наурыз мерекесі ерекше форматта аталып өтуде. Арнайы Наурызнама онкүндік іс-шарасы әзірленіп, соған сәйкес, ауданымызда мерекелік шаралар 14-наурыз – Көрісу күнінен басталып кетті.
Көрісу күні халқымызда «Амал мерекесі» деп те аталады. Жалпы, халқымызда әр жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағидаларда қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттері амал деп аталады.
Осынау мерекеге орай, аудандық Мәдениет үйінде «Дәстүрге жол – қазақ аналары» ҚБ мүшелері мен “Береке” әжелер тобы, аудандық ардагерлер және аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлерінің қатысуымен Амал мерекесінен көріністер қойылды.
Он күндік Наурызнама іс-шара жоспарына сәйкес, 15-наурыз – Қайырымдылық күні болып бекітілген еді. Осыған орай, «Ойтал сити» мейрамханасында ауданның Құрметті азаматы, жаны жомарт меценат әкпеміз Әлия Әубәкірованың демеушілігімен, мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік дастархан жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы баршаны алда келе жатқан Наурыз мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Мейірхан Азатұлы қайырымдылық жасау, мейірімділік таныту, мұқтаж жандарға көмек көрсету – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет екенін атап өтіп, осындай іс-шараға демеушілік жасаған Әлия әкпемізге алғыс білдірді. Кеш соңында балаларға арнайы мерекелік сыйлықтар тарту етілді.
Сонымен қатар, «Жүрек жылуы» акциясы ұйымдастырылып, ауылдық округ әкімдіктері тарапынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі зағип жандары бар 100 отбасыға мерекелік себеттер тапсырылды.
16-наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып бекітіліп, бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналды.
Өкінішке қарай, технология жетілген сайын, халқымыздың өмір сүру үрдісі ұлттық көрінісінен алшақтап, көптеген салт-дәстүрлеріміз ұмыт болып барады. Сондай дәстүрлердің бірі – қолға су құю салты. Қазақ халқында үйге қонақ келгенде жас баланың қолына құман беріп, мойнына сүлгі асып, ас ішердің алдында және астан соң қонақтардың қолына су құйғызатын дәстүр бар. Аңыз бойынша бұл дәстүр Сүлеймен пайғамбардан қалған деседі.
Осыған орай, аудандық Мәдениет үйінде ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша іс-шара өтіп, онда ардагер ұстаз Әшімкүл Өмірбекова бастаған №35 мектептің оқушылары «Сүлеймен де су құйған» тақырыбында көрініс қойды. Осы көрініс арқылы қолға су құю дәстүрінің түпкі шығу мәнісі тереңнен ашып көрсетілді. Сондай-ақ, Меркі ауылдық округі аналар кеңесі, “Дәстүрге жол – қазақ аналары” қоғамдық бірлестігі мүшелерінің қатысуымен, жүн түту, келі түю сынды бірқатар дәстүрлер де көрсетілді. Іс-шара барысында «Береке» әжелер тобы «Екі алуан», «Ақ сырмақ» халық әндерін орындаса, Меркі ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Роза Байболсынова көрініске қатысқан балаларға арнайы сыйлықтар тарту етті.
Наурызнама онкүндігі бойынша, 17-наурыз – Шаңырақ күні. Бұл күні аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде 19 жаңа босанған ана мерекелік сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы, Шаңырақ күні отбасы құндылықтары дәріптеледі. Ал, халқымызда отбасы отауының ең биік тұсы шаңырақ деп аталады. Сондықтан, халқымызда шаңырақ ұғымының аясы өте кең. Жас жұбайлар үйленген кезде «шаңырақ көтерді» дейді немесе «шаңырақтарың шайқалмасын» деп тілек айтып жатады. Бұл отау құрған жастар үшін тілектің ең ізгісі болса керек. Ал, сол шаңырақтың жылуы, отбасының ұйытқысы – ардақты аналар.
Орталық аурухана бас дәрігері Мейрамбек Дәрменов жаңа босанған аналарды «Шаңырақ күнімен» құттықтап, олардың дендеріне саулық, сәбилеріне амандық, шаңырақтарына шаттық тіледі.
Сонымен қатар, Шаңырақ күніне орай, «Отбасым – байлығым» атты заңды некеге тұрып жатқан отбасыларды құттықтау акциясы өтті. Аудандық АХАТ бөлімінде заңды некеге тұрып жатқан жас отбасы Нұржігіт Алпысбай мен Жібек Серікқызына неке куәлігі мен сыйлықтар табысталды. Жас жұбайлар шаңырақ көтергеніне 56 жыл болған Аманбай Дулатбаев атамыздың шаңырағына барып, ақ батасын алды.
18-наурыз – «Ұлттық киім» күніне орай, аудан орталығында ұлттық киімдер шеруі өтті. Онда аналар кеңесі, әжелер тобының мүшелері, мәдениет және тағы басқа да сала қызметкерлері ұлттық киімдер киіп келіп, ұлттық киімдеріміздің бар сыр-сымбатын паш етті.
Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы көпшілікті мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Содан соң, жиналған көпшілік ұлттық киімдермен ұлттық би – «Қара жорғаны» топ болып биледі.