Биыл Наурыз мерекесі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа форматта тойланатын болады.
Осыған орай, Меркі ауданында 10 күндік Наурызнама тұжырымдамасының аясында іс-шара жоспары бекітіліп, мерекелік шаралар басталып кетті.
Сәрсенбі күні Қостоған ауылындағы №14 Мақсұт Жылысбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Дархан» әжелер тобы және «Даналық мектебі» клубының бірлесуімен, ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында, «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы» атты іс-шара өтті.
Онда Жаңатоған ауылдық округінің әжелері шартты түрде «Майлыбай» және «Бидас» ауылдарына бөлініп, халқымыздағы ұмыт болған дәстүрлерді, сол дәстүрлерден туындаған әртүрлі ұлттық тағамдарды даярлау әдістері, сондай-ақ ұлттық қолөнер мен бұйымдарды дәріптеді.
Алдымен мектеп директоры Гүлжамал Мұратова алғысөз алып, баршаны Наурыз мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сонымен, мерекелік шара мектеп бүлдіршіндерінің ұлттық аспаптармен оркестр болып «Домбыра» әнін орындаумен басталды. Майлыбай ауылының әжелері құрақ құрау, жүн түту, шимен тоқыма тоқу қолөнерлерімен таныстырды. Ауылдың ардақты анасы, ауданның Құрметті азаматы, «Дархан» әжелер тобының жетекшісі Қайнаркүл Татығұлова қазақтың ежелгі кәсібі қой өсіру екенін айтып, төрт түліктің бірі саналатын бұл мал шаруашылығының қазақ қоғамындағы маңызына тоқталды. Сондай-ақ бұрынғы әжелер дәстүрі – немерелеріне ертегі айтып беру салтын сахналады.
Өз кезегінде Бидас ауылының әжелері қол диірменмен ұн тарту, жеті нан пісіру, етті сүрлеу мен асу сынды ұлттық тағамдар әзірлеудің жолдарын көрсетті. Осылардың ішінде ең қызықтысы – ұмыт болып бара жатқан «Ұйқыашар» тағамының әзірленуі болды. Халқымызда той-мереке алдындағы кеште қыз-келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп ұйқыашар тағамын ұсынса, жігіттер қауымы қайтарымы ретінде қыздарға арнайы сыйлықтар берген. Бұл – қыз, жігіттердің бір-біріне деген сезімі мен махаббатын арттыра түсуіне себепші болған. Осы тағамның дайындалу әдісімен «Бидас» ауылы тобының мүшесі Сауле Абдірахманова апа таныстырды. Аталған дәстүрдің салты бойынша қыздар жігіттерге дәм татқызса, тиісінше жігіттер де қыздарға арнаған өздерінің сыйлықтарын тарту етті.
Сондай-ақ халқымыздың Амал мерекелері Көрісу күні мен Отамалынан көріністер қойылды. Отамалы– наурызбен бірге туады. Көшпенділікпен күн кешкен халқымызда бұл амалдардың өзінің философиялық мәні бар. Көрісу күнінде қыс құрсауынан босанған ағайын құшақтасып табысса, отамалында төрт түлік мал төлдеп, ағайынның аузы аққа тиген. Мерекелік шарада осынау ізгі дәстүрлерден де көріністер қойылып, бұл амалдардың түпкі мәнісі жастарға кеңінен түсіндірілді.
Наурыздың тағы бір ерекшелігі қыс пен көктемнің арпалысы болса керек. Бұл кезде қатал қыстың қаһарын көктемнің жылы лебі ығыстырып, тіршілік атаулыға жан ене бастайды. Дәл осы кезеңде жауатын көктемнің ұлпа қарында өзінше бір әсемдік бар. Дәл іс-шара күні көктемнің осындай қары жаууы да наурыз мерекесіне жаңа дем бергендей. Бұл құбылысқа ерекше мән берген мектеп директоры Гүлжамал Мұратова наурыздың бұндай қарын қазақ халқы ежелден «Наурызша» деп атағанын тілге тиек етті.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған наурыздық мерекеде бүлдіршіндер мен апалар ән салып, жаңажылдық жақсы тілектер мен ізгі лебіздер айтылды. Ауыл ақсақалы Бейсенбек Есентаев ақ мол болсын, ұлыс оң болсын деген ниетпен батасын берді.