Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын аудан жұртшылығы думандатып өткізді. Аудан орталығында этно-ауыл көрінісі жасалып, Наурыз мерекесінің түпкі мақсаты, идеологиялық мән-мазмұны тереңнен дәріптелді. Халқымыздың өмір сүру үрдісінен туындаған ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қойылды.
Алаңға 16 қанатты екі үй, 8 қанатты екі үй тігіліп, олардың ішінде ұлттық құндылықтардан көрмелер ұйымдастырылды. Мысалы, аудандық орталық аурухана ұжымы тіккен киіз үйде ұлттық киімдер көрмесі қойылып, онда ерлер мен әйел-қыздарға арналған әртүрлі киімдер және әшекей бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Ал, №9 Меркі колледжінің ұжымы болса, халқымыздың ежелгі тыныс-тіршілігінен хабар беретін жүн түту, тоқыма тоқу, ұршық иіру, күбі ашыту, диірменге талқан тарту, жіп есу, қыз балалардың шашын өру сынды халқымыздың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен көріністер қойды. Меркі ауылдық округінің киіз үйінде ұлттық қолөнер туындылары қонақтардың назарына ұсынылды. Қолдан жасалған тері бұйымдары, сәнді сөмкелер мен әмияндар, ыдыс-аяқтар, ат әбзелдері, көрпе-төсек, қыштан және ағаштан жасалған бұйымдар, музыкалық аспаптар, тоқыма бұйымдары, ұлттық нақыштармен көмкерілген сувенирлер де халқымыздың өзіндік мәдениеті мен дәстүрін, қайталанбас құндылықтарын паш етіп тұрды. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің киіз үйінде ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татты.
Киіз үйлермен қатар, шатырлар тігіліп, онда аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелердің ұжымдары, этно-мәдени бірлестіктер бауырсақ пен наурыз көже пісіріп таратты. Қоғамдық тамақтану орындары да тұрғындарға қызмет көрсетті.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Наурыз мейрамы ерекше форматта ұйымдастырылды. Соған сәйкес, аудандағы негізгі іс-шараның да ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өткенін айтып өткеніміз жөн. Мерекелік іс-шарада алдымен Наурыз шеруі өтті. Онда ортада наурыз басталғанын хабарлап сүйіншілеген салт аттылар, ұлттық киім киген батырлар, кимешекті апалар, қыз-келіншектер, ақсақалдар, достық шаңырағын көтерген өзге этнос өкілдері сәні мен салтанаты жараса жүріп өтті. Сонымен қатар, аудандағы мекемелердің қызметкерлері және бүлдіршіндер, спорт мектептерінің тәрбиеленушілері ұлттық киімдермен шеруді жалғастырды.
Наурыз мейрамымен жиналған жұртшылықты аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы құттықтады. Сахна төрінен жүрекжарды жылы лебіздері мен ақжарма тілектерін жеткізген аудан басшысы: «Халқымыз қашанда жаңа жыл басында өткенге салауат айтып, атқарылған істерге көз тастап, ой жүгірткен. Еліміздің, оның ішінде, Меркі ауданының әлеуметтік-экономикалық өркендеу жолында оң қадамдар жасалды. Әрине, ел игілігін еселеу жолында алдымызда орасан зор міндеттер де тұр. Көпұлтты аудан халқымен бірге алдымызда тұрған осындай келелі істерді абыроймен атқарып шығатынымызға мен кәміл сенемін. Баршаңызға Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!», – деді.
Мерекелік шарада аудандық өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Наурызға арналған сахналық қойылымдар қойылып, халық әндері мен билері орындалды. Қазақ ауыз әдебиетінің кейіпкері Алдар көсе ертегісінен қойылым сахналанып, Наурыз мейрамының басты кейіпкері Қыдыр ата көпшілікке ақ батасын берді.