Мұғалімдер біліктілігін заманауи технологиялар арқылы жетілдіруде

0 18

Қазіргі жаңа технологиялық сабақтар баяндап беру, әңгімелеу үлгісінде емес, оқушыны сабаққа қызықтыра отырып, мақсатқа жету жолында оқуға құштарлығын арттырып, өздігінен ізденуге, ой қорытуға, шапшаң шешім шығаруға, алған білімін өмірде қолдануға үйрету.

Альберт Эйнштейннің «Мен еш уақытта еш нәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасаймын» дегені білім беруде жаңа технология үдерісінің талаптарымен үндесіп, бүгінгі білім беру саласының тынысын айшықтап тұрғандай.

«Өрлеу» БАҰО АҚ «Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының ұйымдастыруымен мате­матика пәні мұғалімдері үшін Меркі ауданында «Математиканы оқыту: қа­зіргі тенденциялар мен әдістемелер» тақырыбында курс жүргізілуде. Курстың мақсаты мұғалімдердің біліктілігін заманауи технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған.

Тыңдаушылар үшін курс дәрістері, тәжірибелері жаңалыққа толы, әсіресе, жас мамандар үшін курстың тиімділігі зор. Аудан бойынша математика пәні мұғалімдері Mozaika 3D, Kazlot, Joyteka, liftwork, Qalan, wizer me, jambort, canva, flippitu.net платформаларымен жұмыс жасап, тапсырмалар дайындап, пән мұғалімдері өз іс-тәжірибелерімен бөлісуде. Курс барысында GeoGebra, Desmos бағдарламаларымен көптеген мұ­ғалімдер шығармашылық жұмыстарын көр­сетіп, қорғауда.

Жаңашылдығы мол мұғалімдерді оқыту дәрістері жоғары деңгейде өтуде. Тың­даушылар жаңашылдыққа деген қызығушылығын аңғартып, бірлесіп тал­дап, өз тұжырымдарымен бөлісіп, пікір­лерін ортаға салып отырды. Осындай жаңашылдығы мол курстар жыл сайын ұйымдастырылса деген ұсыныстар да айтылып, ұстаздардың жаңашыл әдістемелерді мол жинақтауына қолайлы жағдай жасап отырған «Кәсіби даму институты» директорының міндетін атқарушы Тайганбекова Шынар Малимбайқызына, ұжымға дәріс өткізуде заманауи әдістемелердің сан түрін үйреткен тренерлерге шексіз ризашылықтарын жеткізді.