Мойынқұм – татулықтың тірегі, бірліктің бесігі

0 11

Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Осы мерейлі күн аясында Мойынқұм ауданында этнос өкілдерінің қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізіліп, ел бірлігін дәріптейтін мазмұнды бағдарламалар жүзеге асуда.

Ауданға қарасты 16 ауылдық округтің барлығында бірлік пен келісімге үндейтін түрлі мерекелік жиындар, спорттық бәсекелер, мәдени кештер ұйымдастырылуда. Әр ауылда тұратын этнос өкілдері өздерінің мәдениеті мен дәстүрін сақтай отырып, ортақ құндылықтар төңірегінде бірігіп келеді.

Мысалы, Бірлік және Айдарлы ауылдарында – күрт және қырғыз этносының өкілдері, Мирный, Ақсүйек ауылында – орыс, шешен этносының өкілдері мекендейді. Бәрі де тату-тәтті, ауызбіршілікті жоғары қояды, алауыздықтан аулақ.

Бұл – Мойынқұм жұртының жылдар бойы қалыптасқан сыйластығы мен өзара түсіністігінің айқын дәлелі. Аудан тарихында этносаралық ахуал тұрақты. Бұған ықпал ететін басты факторлар – үлкендердің өсиеті, жастарды татулыққа тәрбиелейтін мәдени шаралар, спорттық жарыстардың кеңінен насихатталуы. Бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өңірдегі тұрақтылық пен бейбіт өмірдің негізін қалауда.

Аймақтағы халықтың шамамен 95 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Түрлі этнос өкілдері мемлекеттік тілді жақсы меңгерген, бұл да ортақ түсіністік пен жақындықтың көрсеткіші.
Бүгінде Мойынқұм – тек табиғатымен ғана емес, татулығымен де үлгі болар өңір. Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды. Сондықтан да аудан халқы бірлік пен достықтың туын биік ұстап, «Ынтымақ – ырыс қайнары» қағидасын күнделікті өмірде басты ұстаным етіп келеді.

Давыдов Аслан, «Барбанг» облыстық этномәдени бірлестінің
Мойынқұмдағы өкілі