Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов XXXIV Халықаралық «Париж Жұлдызы» фестиваль-байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, І орын иеленген ауданымыздың дарынды оқушыларын арнайы қабылдап, жеңістерімен құттықтады.
Жас өнерпаздардың бұл жетістігі ауданымыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, халықаралық аренада қазақ өнерінің биікте екенін дәлелдеген қуанышты сәт болды. Әкім өз сөзінде шәкірттер мен олардың ата-аналарына, сондай-ақ, таланттарды үлкен сахнаға дайындап, бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшісі Сабырбекова Сейданаға ерекше алғысын жеткізіп, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп ұлттық болмысты өнер арқылы насихаттап жүрген өрендерге ізгі тілегін арнаған аудан басшысы жастардың бойындағы талантты шыңдай түсу қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында оқушылар мен жетекшісіне арнайы марапаттар мен сый-сияпаттар табысталды. Аудан әкімі өнерлі өрендерге шығармашылық шабыт тілеп, болашақта да халықаралық және республикалық деңгейде аудан атын асқақтата берулеріне сенім білдірді.
Осындай кездесулер жас буынға рух береді, жаңа белестерге жетелейтін үлкен серпін сыйлайды.