Меркідегі құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда

0 19

Меркі ауданы әкімі Ербол Жиенқұлов аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Алдымен, әкім аудандық полиция бөлімі ғимараты мен аудандық мұрағатқа арналған нысанда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Ол мердігер мекемелерге құрылыс сапасын қатаң бақылап, жұмыстарды уақытылы аяқтау қажеттігін тапсырды.

Келесі нысан – Меркі бекетіндегі теміржол өткелі. Әкім бұл жерде де атқарылып жатқан жұмыстардың барысын пысықтап, жобаның мерзімінде жүзеге асырылуын қадағалау қажеттігін атап өтті.
Сонымен бірге, Ербол Жиенқұлов Тасөткел ауылына кіреберісте салынып жатқан жолдың асфальтталуымен танысты. Ұзындығы 1460 метрді құрайтын бұл жолға алғаш рет асфальт төселіп отыр.

Чалдовар ауылында да маңызды жобалардың бірі – ауыз су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан биыл басталған болатын. Жоба қараша айына дейін толық аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, әкім Андас батыр ауылындағы ауыз су жүйесіне орнатылған сүзгілердің жұмысын тексерді.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұлов аталған жұмыстарды аралау барысында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобаларды сапалы әрі уақытылы орындау аса маңызды екенін баса айтты.