Меркіде қасиетті бұлақ көздері тазартылды

0 3

Наурызнама онкүндігінің соңғы күні – Тазару күні аясында аудан аумағында экологиялық бағыттағы маңызды шара өтті. Табиғатты қорғау мен ұлттық дәстүрді ұштастырған акция Сүйіндік шатқалындағы «Әулиебұлақ» қайнарында ұйымдастырылды.

Көпшілік қатысқан шара барысында бұлақ көзі тазартылып, бастауы ашылды. Айнала қоқыстан аршылып, өсіп кеткен шөптер шабылып, аумақ толық ретке келтірілді. Табиғи нысанды күтіп-баптауға бағытталған бұл жұмыс тұрғындардың ортақ жауапкершілігін айқындады.
Акцияға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қатысып, бастамаға қолдау білдірді. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, «бұлақ көзін ашу» дәстүрінің тәрбиелік мәніне тоқталды. Олардың айтуынша, бұл – ата-бабадан жалғасқан табиғатты аялаудың бір көрінісі.

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Еңсебек Адамбаев жиналған жұртшылыққа батасын беріп, игі іске үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

Шара барысында аудан басшысы табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, бұлақ көздерін ашу мен табиғи орындарды сақтау ісі алдағы уақытта да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Айта кету керек, аталған аумақта бұған дейін «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының Меркі өндірістік бөлімшесі тарапынан абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалған.
Тазару күніне орай өткен бұл шара – туған жер табиғатына деген жанашырлықтың, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің және болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кершіліктің нақты көрінісі.