Меркіде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен тәртіп мәселесі талқыланды

0 20

Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалу болжамы, жаңа Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістер және орындаушылық тәртіп мәселелері талқыланды.

Кеңесте алғашқы болып экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас­шысы Абылай Ахметжанов сөз алып, жаңа Бюджет кодексінің негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, енді бюджет процесі барынша жеңілдеп, толық цифрландырылып, нәтижеге бағытталған жаңа басқару моделі қалыптасады. Сонымен қатар, блоктық бюджеттеу тәсілі енгізіліп, базалық шығыстар үш жылға тұрақты белгіленеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік органдардың қаржылық дербестігін арттырып, жоспарлау мен орындау сапасын жақсартуға жол ашады. Ең басты жаңалықтардың бірі – орындалмай қалған бюджет қаражатын келесі жылы толық көлемде пайдалануға мүмкіндік берілуі.

Бөлім басшысы сонымен бірге 9 ай ішіндегі ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалу деңгейін таныстырып, жыл соңына дейін межені толық орындауға барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Келесі болып аудан әкімі аппаратының басшысы Әлішер Тілемісов орындаушылық тәртіпке қатысты баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың 8 айында аудан әкімі аппаратына 3763 қызметтік хат келіп түскен. Олардың басым бөлігі Президент Әкімшілігі, Үкімет пен облыс әкімінің аппаратынан жолданған. Қазіргі таңда мерзімі өткен хаттар жоқ, алайда, бақылауда 96 хат бар. Сонымен қатар, аудан тарапынан 1012 шығыс хаты жолданып, облыс және аудан деңгейінде барлығы 805 хаттамалық тапсырма берілген. Оның ішінде 505-і орындалып, қалғандары орындау барысында немесе тұрақты бақылауда тұр.

Аудан басшысы кеңес қорытындысында сала жетекшілеріне бірқатар нақты тапсыр­малар жүктеді. Ең алдымен, жаңа Бюджет кодексінің мазмұнын ауылдық округтер мен барлық бөлімдердің бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жан-жақты түсіндіріп, оның талап­тарының тиімді жүзеге асырылуын қам­тамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, жыл басынан бері межеленген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің толық орын­далуын міндеттеді.

Орындаушылық тәртіпке қатысты аудан әкімі жауапсыздық танытқан бөлім бас­шылары мен ауыл әкімдеріне тәртіптік жаза қолдану туралы тапсырма беріп, әрбір қызметкерден жоғары жауапкершілік пен нақты нәтиже күтетінін жеткізді.

– Жаңа Бюджет кодексі – қаржыны тиімді әрі ашық басқаруға бағытталған маңызды құжат. Ал, тапсырманың орындалуы – тәртіп пен жауапкершіліктің айғағы. Біз бұл бағыттарда нақты жұмыс жүргізуіміз керек. Әр басшы өз саласына ие болып, нақты нәтижеге жұмыс істеуі тиіс, – деді Ербол Жиенқұлов.

Аппарат кеңесі барысында қойылған міндеттер мен берілген тапсырмалар аудан әкімдігі жұмысының алдағы бағытын айқындап, тиімді басқару мен тәртіпті күшейтуге бағытталған маңызды шешімдер ретінде қабылданды.